Бізге жазылыңыз:

Абай облысында макулатураны қайта өңдеу бойынша жаңа өндірістер іске қосылады

Абай облысында макулатураны қайта өңдеу бойынша жаңа өндірістер іске қосылады

Абай облысында қағаз қалдықтарын қайта өңдеуге бағытталған екі ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар іске қосылғаннан кейін өңірде жыл сайын 17,5 мың тоннадан астам макулатураны қайта өңдеуге мүмкіндік туады. Бұл полигондарға түсетін жүктемені азайтып, отандық кәсіпорындарды екінші реттік шикізатпен қамтамасыз етуге жол ашады.

Жобалар Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен және «Жасыл даму» АҚ қатысуымен қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамыту аясында іске асырылып жатыр.

Алғашқы жобаны «Казлеспром LTD» ЖШС жүзеге асыруда. Кәсіпорынның жылдық жобалық қуаты 2 534 тонна макулатураны қайта өңдеуге жетеді. Жобаның жалпы құны 316,7 млн теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта нысанда газдандыру және электр желілеріне қосылу жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорынды 2026 жылдың қыркүйегінде іске қосу жоспарланған.

Екінші жобаны «ВостокГофротара» ЖШС жүзеге асыруда. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін жылына 15 мың тонна қағаз қалдықтарын қайта өңдей алады. Жобаның инвестициялық құны 2 млрд теңгені құрайды.

Бүгінде жоба толық қаржыландырылған. Өндіруші жабдықтарды жөнелтуге дайындап жатыр, дайындық деңгейі шамамен 30%-ды құрайды. Жабдықтың алғашқы партиясы тамыз айында, екінші партиясы қыркүйек–қазан айларында жеткізіледі деп күтілуде. Монтаж жұмыстары 2027 жылдың бірінші тоқсанында басталып, кәсіпорынды толық іске қосу 2027 жылға жоспарланған.

Министрліктің мәліметінше, мұндай жобалар екінші реттік шикізатты қайта өңдеу көлемін арттыруға, полигондарға түсетін жүктемені азайтуға және айналым экономикасын дамытуға ықпал етеді.

Еске салсақ, утилизациялық төлем қаражаты есебінен «Жасыл даму» АҚ жалпы құны 116 млрд теңгеге жуық болатын 30 жобаны қаржыландырды. Бұл бастамалар қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін дамытуға, қалдықтарды көму көлемін қысқартуға және екінші реттік шикізатты экономикалық айналымға тартуға бағытталған.

Ұқсас материалдар