Абай облысында биыл толық циклді ет өңдеу кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асқан жағдайда кәсіпорын Қазақстандағы ең ірі ет өңдеу және бұқтырылған ет өндіру орталықтарының біріне айналмақ.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өңірге жұмыс сапары барысында «Eurasia Agro Semey» ЖШС салып жатқан жаңа өндіріс нысанының құрылысымен танысты.
Семей қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан кешен мал қабылдаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды. Кәсіпорында шұжық өнімдері, жартылай фабрикаттар, ет консервілері мен деликатестер өндіріледі. Жобаның өндірістік қуаты тәулігіне 100 басқа дейін ірі қара мен жылқыны, сондай-ақ бір ауысымда 1 мың басқа дейін ұсақ малды өңдеуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін өңірде 250 жаңа жұмыс орны ашылады.
Компания мәліметінше, жобалық қуатқа шыққан соң зауыт Қазақстандағы ең ірі ет өңдеу кешендерінің біріне айналады. Өндірісті тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету үшін кәсіпорын айналасында фермерлік шаруашылықтарды, бордақылау алаңдарын, суармалы жем-шөп алқаптарын және қосалқы өндірістерді қамтитын ет кластері қалыптастырылады.
Жоба Семейдің тарихи түрде қалыптасқан ет өнеркәсібі орталығы ретіндегі мәртебесін қайта жаңғыртуға бағытталған. Соның ішінде кеңестік кезеңнен бері танымал болған «Семей тушенкасын» қайта өндіру көзделіп отыр.
Кезінде Семей ет комбинаты Кеңес Одағындағы ең ірі салалық кәсіпорындардың бірі саналып, өнім сапасы үшін бірнеше мәрте мемлекеттік марапаттарға ие болған. Жаңа жобаның ерекшелігі – сол өндірісте еңбек еткен мамандардың тәжірибесін пайдалану. Кәсіпорын басшылығы тарихи технологиялар мен дәстүрлі рецептураларды қалпына келтіру арқылы брендтің бұрынғы беделін қайтаруды мақсат етеді.
Өңірге сапары барысында Серік Жұманғарин сондай-ақ қайта өңдеу секторындағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, «Qazaq-Astyq Group» май экстракциялау зауыты, «Агролидер KAZ» бұршақ және майлы дақылдарды өңдеу кәсіпорны және орау материалдарын өндіретін «Қазполиграф» кәсіпорнына барды.





