Бізге жазылыңыз:

25 тамыздан бастап электросамокат жүргізушілеріне қойылатын талаптар күшейтілді

25 тамыздан бастап электросамокат жүргізушілеріне қойылатын талаптар күшейтілді

25 тамыздан бастап Қазақстанда электросамокаттар мен мопедтерді пайдалану тәртібіне қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Өзгерістердің негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жаяу жүргіншілер мен көлік құралдарының қозғалысын нақты ажырату.

Енді электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Егер веложол немесе велосипед жолағы болса, электросамокат жүргізушілері сол жолды пайдалануы тиіс. Мұндай инфрақұрылым болмаған жағдайда көлік жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жол қозғалысы ережелеріне сәйкес қозғалуы керек.

Бұл ретте электросамокатпен жалпы пайдаланымдағы жолға 18 жастан асқан азаматтар ғана шыға алады. Жүргізушінің тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі және қорғаныш дулығасы болуы міндетті.

Қозғалыс кезінде жолаушы тасымалдауға, рульді ұстамай телефон пайдалануға, сондай-ақ қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге тыйым салынады.

Жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолды кесіп өткен кезде электросамокат, велосипед және мопед иелері көліктен түсіп, оны жаяу жетектеуі тиіс.

Жаңа талаптар автокөлік жүргізушілеріне де қатысты. Олар қиылыстарда, аулаларда және жаяу жүргіншілер өткелдеріне жақын жерлерде жылдамдықты төмендетіп, жолда электросамокаттар мен велосипед жүргізушілерінің кенеттен пайда болу мүмкіндігін ескеруі қажет.

Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Ата-аналарға балаларға жол қозғалысы ережелерін ерте жастан түсіндіріп, олардың самокат, велосипед және басқа да көлік құралдарын пайдалануын бақылау ұсынылады.

Ұқсас материалдар