2028–2029 жылдары дәстүрлі генерацияның 4 ГВт-тан астам қуаты іске қосылады
Қазақстанның Энергетика министрлігі 2028–2029 жылдары жаңа генерациялау қуаттарын кезең-кезеңімен іске қосуды көздейтін электр энергетикасын дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын әзірледі. Жобалар елдегі электр энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге және энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
2028 жылы дәстүрлі генерацияның шамамен 2 ГВт қуатын іске қосу жоспарланған. Жобалар қатарында Тараз, Атырау және Ақтөбе қалаларында бу-газ қондырғыларын (БГҚ) салу, Екібастұз ГРЭС-2 станциясының №3 энергоблогын іске қосу, сондай-ақ «Қарағанды Энергоцентр» мен «Kazakhmys Energy» нысандарында қазандық агрегаттары мен турбоагрегаттарын орнату бар. Бұдан бөлек, Ақсу ГРЭС-інің энергоблогын кеңейту және жаңғырту көзделген.
2029 жылы дәстүрлі генерацияның тағы 2,3 ГВт қуатын іске қосу жоспарланып отыр. Негізгі жобалардың қатарында Өскемен ЖЭО-да турбоагрегат пен қазандық агрегатын салу, Атырау ЖЭО-да бес газтурбиналық қондырғыны орнату және «Батыс Пауэр» ЖШС-нің екі газтурбиналық қондырғысын салу бар.
Сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын іске қосу, Екібастұз ГРЭС-3 станциясының бірінші энергоблогын пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен қатар Қазақстанда жаңартылатын энергетиканы дамыту жұмыстары жалғасады. 2028 жылы жалпы қуаты 2,2 ГВт болатын жаңартылатын энергия көздері нысандарын, ал 2029 жылы тағы 2,8 ГВт қуатты нысандарды іске қосу көзделіп отыр.
Энергетика министрлігінің болжамынша, дәстүрлі және «жасыл» энергетика салаларындағы ірі жобаларды жүзеге асыру Қазақстанның генерациялау қуаттарын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2029 жылы елдің энергетикалық жүйесі тұрақты профицитке шығуы тиіс.





