Бізге жазылыңыз:

2027 жылға қарай дәрілерді цифрлық есепке алу жүйесі 2,16 млн пациентті қамтиды

2027 жылға қарай дәрілерді цифрлық есепке алу жүйесі 2,16 млн пациентті қамтиды

Қазақстанда дәрі-дәрмектің қозғалысын өндірушіден бастап нақты пациентке дейін бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық жүйе енгізіліп жатыр.

Қазақстанда дәрілік заттардың айналымын цифрландыру жалғасуда. 2026 жылдан бастап препаратты тіркеуден бастап оны нақты пациентке беруге дейінгі процестерді біріктіретін бірыңғай цифрлық контур жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дәрі-дәрмекке қажеттілік енді пациенттер бойынша жеке есептеледі. 2026 жылға арналған амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында 1,9 млн пациенттің, ал 2027 жылға 2,16 млн адамның қажеттілігі қалыптастырылған.

Мұндай тәсіл қандай пациентке қандай препарат және қанша көлемде қажет екенін нақты анықтауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде мемлекеттік сатып алуды нақты сұранысқа қарай жоспарлау көзделіп отыр.

Дәрілерді цифрлық таңбалау жүйесі қазіргі уақытта 1,01 млрд қаптаманы қамтиды. Цифрлық тізбек препараттың жеткізілуін дәріханаға дейін, ал кейін оны нақты пациентке бергенге дейін бақылауға мүмкіндік береді. «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі берілген кезде оның түпнұсқалығы да автоматты түрде тексеріледі.

2026 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне 1,9 млн пациент енгізіліп, 8,6 млн-нан астам электрондық рецепт жазылды. Дәрілердің 80%-дан астамы «Әлеуметтік әмиян» электрондық платформасы арқылы беріліп жатыр.

Цифрландыру дәрі-дәрмек нарығының ашықтығына да әсер етті. Министрліктің дерегіне сәйкес, осы шаралардың нәтижесінде бюджетке қосымша 23,9 млрд теңге салық түсімі қамтамасыз етілді.

Жаңа жүйе дәрі-дәрмекті жай ғана электронды есепке алумен шектелмейді. Ол препаратты өндіру мен тіркеуден бастап сатып алу, жеткізу, дәріханада беру және оны нақты пациенттің алуына дейінгі барлық кезеңді бақылауға мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануға және азаматтардың қажетті дәрілерді уақытылы алуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ұқсас материалдар