Бізге жазылыңыз:

2027-2028 жылдары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қаралады — министр

2027-2028 жылдары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қаралады — министр
Бұл туралы Үкімет отырысында макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.— Халықтың табысын қолдау үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағдарламаларын іске асыру жалғастырылады. Экономикалық белсенділігі төмен өңірлерге ерекше назар аударылатын болады. Әлеуметтік қолдаудың атаулылық бағытын арттыру жөнінде шаралар қабылданады. Әлеуметтік төлемдердің ашықтығы мен атаулылық бағытын арттыру үшін цифрлық технологиялар қолдануды кеңейту жоспарлануда. 2027-2028 жылдары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қаралады. 2026-2028 жылдары халықтың нақты табысының өсуі жылына орта есеппен 2-3 пайыздан төмен емес болады, — деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, Үкімет квазимемлекеттік секторды оңтайландыру жөніндегі жұмысты жалғастырады. 2026 жылдың соңына дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий қолданылады.

— Биыл Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру аяқталуда. Одан әрі оңтайландыруға ұсынылатын мемлекеттік объектілердің жаңа тізбесі қалыптастырылды. Оған баланстық құны 2 трлн теңгеден асатын 500-ге жуық компания кірді. Оңтайландыру үш кезеңде жүзеге асырылады. Бұдан басқа, «Казақтелеком» акционерлік қоғамы мен «Qazaq Green Power PLC» акцияларын IPO/SPO-ға шығару жоспарланып отыр, — деді вице-премьер.
Серік Жұманғарин макроэкономикалық тепе-теңдікті арттыру үшін Үкімет пен Ұлттық банк ақша-кредит және салық-бюджет саясаты арасындағы өзара үйлестіруді жүзеге асыратынын айтты.

— Бағдарламаны іске асырудың басты нәтижесі халықтың нақты табысының өсуі болуы тиіс. Жалпы, бағдарламаны іске асыру экономиканың тұрақтылығын арттыруға, қаржылық орнықтылықты нығайтуға және орта мерзімді перспективада тұрақты және сапалы өсу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді, — деді ол.

Ұқсас материалдар