Қазақстанда түсті металлургия саласындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі іске асырылуда. Абай облысында құны $1,5 млрд-тан асатын мыс балқыту зауытының құрылысы жоспарланған. Бұл туралы халықаралық Astana Mining & Metallurgy (AMM 2026) конгресінде Премьер-Министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Үкімет басшысының айтуынша, жаңа кәсіпорын бүгінде экспортқа шығарылып жатқан мыс концентратының толық көлемін ел ішінде өңдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде Қазақстан шикізат экспортынан терең өңдеуге көшіп, жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін ұлғайтуды көздеп отыр.
Олжас Бектенов соңғы екі жыл ішінде елімізде жалпы құны $1 млрд-тан асатын бірқатар металлургиялық жобалар іске қосылғанын атап өтті. Олардың қатарында катодты мыс, ферросилиций, ферроқорытпалар және басқа да өнеркәсіптік өнімдер шығаратын кәсіпорындар бар.
Сонымен қатар Павлодар облысында жылына 300 мың тонна алтын-мыс концентратын өңдеуге және 15 тоннаға дейін алтын өндіруге қауқарлы гидрометаллургиялық комбинаттың құрылысы жүргізілуде.
Ал Қарағанды облысында «Qarmet» компаниясы өндірісті жаңғырту жұмыстарын жүзеге асырып жатыр. Жоба автомобиль өнеркәсібіне қажетті жоғары өңделген болат өнімдерін шығаруға бағытталған.
Премьер-Министрдің сөзінше, Қазақстанның негізгі мақсаты – өндіріс көлемін арттырумен қатар, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті өнеркәсіптік өнім өндіруші мемлекет ретіндегі позициясын күшейту.
Айта кетейік, елордада тау-кен металлургия саласындағы ең ірі халықаралық алаңдардың бірі саналатын Astana Mining & Metallurgy (AMM 2026) конгресі басталды. Биылғы форумға әлемнің 15 елінен 69 компания қатысуда. Олардың қатарында Аустралия, Германия, Италия, Канада, Қытай, Сауд Арабиясы, АҚШ, Финляндия, Франция, Чехия және Швеция сияқты елдердің өкілдері бар.





