Бізге жазылыңыз:

1300-ден астам маман гидротехникалық нысандарды басқаруға жұмысқа орналасты

1300-ден астам маман гидротехникалық нысандарды басқаруға жұмысқа орналасты

Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған коммуналдық гидротехникалық нысандарды пайдалану және басқару ұйымдарының жұмысы күшейтілуде. Қазіргі таңда бұл мекемелерде 1337 маман еңбек етіп, штаттың 93%-ы жасақталған.

2024 жылы Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарында жаңа мамандандырылған ұйымдар құрылды. Соның нәтижесінде еліміздегі осындай ұйымдардың жалпы саны 16-ға жетті.

Бүгінде аталған ұйымдардың теңгеріміне 822 гидротехникалық нысан берілген. Олар су шаруашылығы инфрақұрылымын күтіп-ұстауға, қауіпсіз пайдалануға және тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге жауапты.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бір жыл ішінде бұл ұйымдардағы мамандар саны 405 адамға артқан.

«Мамандандырылған ұйымдарда еңбек етіп жатқан мамандар коммуналдық гидротехникалық нысандардың тиісті деңгейде күтіп-ұсталуы мен қауіпсіз пайдаланылуын күн сайын қамтамасыз етіп келеді. Бір жылдың ішінде бұл мекемелердегі мамандар саны 405 адамға артты. Бір жыл бұрын олардың саны 932 адамнан асқан болатын», – деді министр.

Қазіргі таңда аталған ұйымдар су инфрақұрылымының сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігін күшейту бағытындағы негізгі операторлардың біріне айналып отыр.

Ұқсас материалдар