Бізге жазылыңыз:

Ұлттық Банк бірыңғай QR жүйесін іске қосу мерзімін белгіледі

Ұлттық Банк бірыңғай QR жүйесін іске қосу мерзімін белгіледі

Ұлттық Банк ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, екінші деңгейлі банктердің басшыларымен және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдерімен кездесу өткізді. Басқосуда қаржы секторын цифрландыру және төлем инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында төлем инфрақұрылымын дамыту, банктердің Банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қатысуы, мобильді аударымдар мен QR-төлем сервистерін кеңейту, цифрлық активтер нарығының қатысушыларымен өзара байланыс орнату, цифрлық теңгені пайдалану және банктердің мемлекеттік ақпараттық жүйелерге қол жеткізуі сияқты маңызды бағыттар қарастырылды.

Тараптар елдегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесін арттыру және қаржылық қызметтердің қолжетімділігін кеңейту үшін банктер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ төлем сервистерінің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету мен клиенттер үшін ыңғайлы цифрлық экожүйе қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша бірыңғай QR жүйесін 2026 жылғы 7 шілдеден бастап кезең-кезеңімен кеңейтіп, 2026 жылғы 19 шілдеде толық іске қосу туралы шешім қабылданды. Бұл жүйе әртүрлі банктердің клиенттеріне бір QR-код арқылы төлем жасауға мүмкіндік беріп, нарықтағы төлем құралдарының өзара үйлесімділігін қамтамасыз етеді.

Сарапшылардың пікірінше, бірыңғай QR жүйесінің енгізілуі сауда және қызмет көрсету саласындағы төлем қабылдау процесін жеңілдетіп, бизнес үшін шығындарды азайтуға, ал тұтынушылар үшін төлемдердің ыңғайлылығы мен жылдамдығын арттыруға ықпал етеді.

Ұқсас материалдар