Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесіп, өңірдегі уран өндірісінің қазіргі жай-күйі мен саланы одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында өндірістік жобалардың жүзеге асырылу барысы, саланың даму перспективалары және компанияның өңір экономикасына қосып отырған үлесі сөз болды. Облыс әкімі «Қазатомөнеркәсіптің» әлемдік уран нарығындағы жетекші орны мен Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.
«ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниялар тобы біздің облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Өңірде уран өндіру жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік әлеуетті арттыруға және жергілікті экономиканың дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бұл бағыттағы өзара тиімді әріптестік алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдіремін», – деді Мұрат Ергешбаев.
Қазіргі таңда облыста уран өндірумен «Қазатомөнеркәсіп» құрамындағы «Байкен-U», «Тураниум», «Семізбай-U» және «РУ-6» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері айналысады. Өңірдің өңдеу өнеркәсібі құрылымында металлургия саласының үлесі 39,4%-ды құрайды.
Кездесу қорытындысында тараптар уран өндіру саласындағы әріптестікті одан әрі кеңейтуге, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және Қызылорда облысының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.





