Қазақстанда QR-төлемдер, мобильді аударымдар және цифрлық теңге сияқты қолма-қол ақшасыз төлем құралдарын дамыту үшін салықтық жағдайларды біріздендіру мәселесі қаралды. Тақырып Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің кезекті отырысында талқыланды.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кездесуде төлем нарығының қазіргі өзгерістері және цифрлық есеп айырысу құралдарының кеңінен таралуы қаралды.
Қаржы реттеушілері қазіргі таңда төлем карточкалары бойынша операцияларға қолданылатын ҚҚС-тан босатуды басқа да қолма-қол ақшасыз төлем қызметтеріне тарату мүмкіндігін ұсынды. Бұл QR-төлемдерге, телефон нөмірі арқылы аударымдарға, электрондық ақшаға және цифрлық теңгеге қатысты.
Қатысушылардың айтуынша, төлем нарығы соңғы жылдары айтарлықтай өзгерді. Бұған дейін салықтық жеңілдік ең кең таралған төлем құралы ретінде банк карталарына қатысты белгіленген. Қазір цифрлық төлемдердің жаңа түрлері белсенді дамып жатқандықтан, қолданыстағы салықтық реттеуді қайта қарау қажеттілігі туындап отыр.
Серік Жұманғарин заманауи төлем құралдарының, соның ішінде QR-төлемдер мен цифрлық теңгенің дамуын оң үрдіс деп атады. Сонымен бірге ұсынылып отырған салықтық шараның экономикалық тиімділігін нақты негіздеу қажет екенін атап өтті.
Отырыстың қорытындысы бойынша Қаржы министрлігі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Ұлттық банкпен бірлесіп ұсыныстарды қосымша пысықтап, заңнамалық нормаларды нақтылау және қажетті есептерді ұсыну туралы шешім қабылдады.
Кездесуде бұдан бөлек, Салық кодексіне сәйкес пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың (ПҚӨС) нөлдік мөлшерлемесін қолдануға мүмкіндік беретін заңға тәуелді актілерді жаңарту мәселесі қаралды.
Осы бағытта Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне рентабельділігі төмен қатты пайдалы қазбалар кен орындарының өлшемдерін және олардың рентабельділігін айқындау тәртібін реттейтін Үкіметтің 2025 жылғы 18 желтоқсандағы №1102 қаулысына қажетті өзгерістер енгізу тапсырылды.





