Бізге жазылыңыз:

Үкімет Петропавлдағы жылу магистралінің құрылысына шамамен 650 млн теңге бөлді

Үкімет Петропавлдағы жылу магистралінің құрылысына шамамен 650 млн теңге бөлді

Үкімет резервінен Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласындағы жылу магистралінің құрылысын аяқтауға шамамен 650 млн теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды.

Қаражат Ж.Жабаев – А.Шәжімбаев – Новая – Ы.Алтынсарин көшелері бойындағы жылу желілерін салуға жұмсалады. Биыл 1,4 шақырым ескі құбырлар алынып, жаңалары төселеді. Бұған дейін, 2025 жылы, осы учаскеде 0,7 шақырым жылу желісі жаңартылған болатын.

Нәтижесінде ұзындығы 2 шақырымнан асатын №2 жылу магистралін толық жаңғырту аяқталады.

Жобаны іске асыру 80%-дан астам тозған магистральды ауыстыруға, 30 мыңнан астам тұрғынды, сондай-ақ 200-ден астам көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз ету сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қаладағы жылу желілерінің жалпы тозу деңгейі төмендейді.

Үкімет алдағы жылыту маусымына дайындықты бақылауда ұстап отыр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдан бері 10 энергия блогы, 63 қазандық және 39 турбина күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар 17 мың шақырым электр желісі жаңартылып, 420 қосалқы станция жаңғыртылды және 323 шақырым тозған жылу желісі ауыстырылды.

Осының нәтижесінде электр станциялары жабдықтарының тозу деңгейі 53%-ға, ал жылу желілерінің тозуы 50%-ға дейін төмендеді.

Ұқсас материалдар