Қазақстан Үкіметінде инфляцияның қазіргі динамикасы және бағаның одан әрі өсуіне жол бермеу бойынша қосымша шаралар талқыланды. Инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кеңес Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өтті.
Шілде айының қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция 10,2% болды. Бұл ретте жекелеген өңірлерде көрсеткіш республикалық орташа деңгейден жоғары қалыптасты. Кеңес барысында бағалардың алдағы өзгеруінің бірнеше сценарийі қаралды. Оның ішінде реттелетін тауарлар мен қызметтер тарифтерінің ықтимал өсуінің әсері де ескерілді.
Серік Жұманғарин Табиғи монополияларды реттеу комитетіне жоспарланып отырған тарифтік түзетулердің параметрлерін қайта қарап, олардың инфляцияға ықтимал әсерін бағалауды тапсырды.
Азық-түлік инфляциясы баяулап келеді
Шілде айында азық-түлік тауарларының айлық бағасы 0,4% өсті. Бұл маусымдағы көрсеткіштен 0,2 пайыздық тармаққа төмен.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша, керісінше, 0,3% дефляция тіркелді. Нәтижесінде жыл басынан бері бұл тауарлар санатындағы баға өсімі 1,6%-ды құрады.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, ведомство азық-түлік инфляциясының ай сайын орта есеппен 0,2 пайыздық тармаққа одан әрі баяулауын қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Қант бағасына қатысты жағдай
Кеңесте қант нарығындағы ахуалға да жеке тоқталды. Қазақстанда төрт қант зауыты жұмыс істейді. Олардың тәуліктік жиынтық қуаты қант қызылшасын өңдеу бойынша 8,7 мың тонна, ал қамыс шикізатын өңдеу бойынша 2,4 мың тоннаны құрайды.
2026 жылғы қаңтар–маусым аралығында елде 77 мың тонна қант өндірілді. Оның 9 мың тоннасы қызылша қантына, 68 мың тоннасы қамыс шикізатынан өндірілген қантқа тиесілі.
Нарықтың импортқа тәуелділігін ескере отырып, мемлекет 2026 жылы 100 мың тоннаға дейін қант шикізатын бажсыз әкелуге рұқсат берді.
Талқылау қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне қант саласының өкілдерімен жеке кеңес өткізіп, бағаны тұрақтандыру бойынша қосымша шаралар әзірлеуді тапсырды.
Сүт пен нан бағасы
Шілде айында сүт өнімдерінің орташа бағасы іс жүзінде өзгерген жоқ. Ал маусымда бұл өнімдердің бағасы 0,7%-ға өскен болатын.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне шикі сүт өндірушілермен кездесу өткізіп, өнімнің өзіндік құнына әсер ететін факторларды жан-жақты зерттеу тапсырылды.
Жыл басынан бері нан-тоқаш өнімдері бағасының өсуі де болжамды деңгейден төмен болды. Бұған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілерін, соның ішінде нан өндірушілерін, арзандатылған электр энергиясымен қамтамасыз ету шаралары ықпал етті.
Шілде айының соңында қоғамдық маңызы бар нарықтардағы баға белгілеу қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Алдағы уақытта Сауда және интеграция министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, нан өндірушілермен өзара міндеттемелер қарастырылған меморандумдар жасасуды жоспарлап отыр.
Қай қызмет түрлерінің бағасы жылдам өсіп жатыр?
Кеңесте реттелмейтін нарықтағы ақылы қызметтердің бағасы да талқыланды. Шілде айында олардың қымбаттау қарқыны маусымдағы 1,1%-дан 0,7%-ға дейін баялады. Алайда жылдық мәнде мұндай қызметтердің құны 9,2%-ға өсті.
Баға қысымы негізінен денсаулық сақтау, көлік, білім беру, туризм және спорт салаларында байқалады.
2026 жылдың жеті айында денсаулық сақтау қызметтерінің бағасы 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 110,1%-ға, ал байланыс қызметтерінің бағасы 105,5%-ға жетті.
Серік Жұманғарин бейінді мемлекеттік органдарға тиісті нарықтардағы жағдайды талдап, қызметтердің қымбаттау себептерін анықтауды және бағаны тежеу бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Дәрі-дәрмек нарығына да жеке назар аударылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нарықты талдап, дәрі-дәрмек бағасының қалыптасуына әсер ететін факторларды зерттейді.
Өңірлердегі жағдай бақылауда
Инфляция деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен жоғары өңірлерге ерекше назар аударылды. Бір апта ішінде жергілікті әкімдіктерге негізгі азық-түлік жеткізушілерімен кездесулер өткізіп, бағаны тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.
«Бүгін біз инфляцияға әсер ететін негізгі факторларды егжей-тегжейлі қарастырдық. Олардың көпшілігі бойынша нақты әрекет ету құралдары бар. Қазір инфляция республикалық орташа деңгейден жоғары өңірлерде бағаның жедел өсуіне жол бермеу аса маңызды», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, қазіргі инфляциялық қысымның едәуір бөлігі жекелеген тауарлық және өңірлік нарықтарда қалыптасып отыр. Сондықтан әр бағыт бойынша нақты жұмыс жүргізу қажет. Жағдай мен қабылданып жатқан шаралардың нәтижелері апта сайын талданатын болады.





