Бізге жазылыңыз:

Бірыңғай QR: банктердің комиссиясы қалай бөлінеді

Бірыңғай QR: банктердің комиссиясы қалай бөлінеді

19 шілдеден бастап Қазақстанда банкаралық мобильді төлем жүйесі жұмыс істейді. Оның арқасында сатып алушылар кез келген қосылған банктің терминалы арқылы Бірыңғай QR-кодпен төлем жасай алады.

Жүйенің техникалық операторы – Ұлттық банктің еншілес ұйымы Ұлттық төлем корпорациясы (ҰТК). Оның негізгі міндеті – банктер, кәсіпкерлер және азаматтар үшін сенімді, тәуелсіз әрі қолжетімді төлем инфрақұрылымын қамтамасыз ету.

Сатып алушылар үшін Бірыңғай QR арқылы төлем жасау тегін. Ал кәсіпкерлер бір терминал арқылы әртүрлі банктердің клиенттерінен QR-төлем қабылдай алады.

Банкаралық төлемдер кезінде бизнес үшін комиссия мөлшері банк карталары арқылы төлем қабылдау құнынан жоғары болмайды. Егер сатып алушы мен сатушыға қызмет көрсететін банктер әртүрлі болса, комиссияның бір бөлігі сатып алушының банкіне (interchange), ал қалған бөлігі төлемді қабылдағаны үшін кәсіпкердің банкіне тиесілі болады.

Осы қаражаттан екі банк те жүйе операторына төмендегідей төлем жасайды:

  • Бірыңғай QR арқылы төлемдер үшін – 0,05%;

  • телефон нөмірі бойынша банкаралық аударымдар үшін – 0 теңге.

Осылайша, Ұлттық төлем корпорациясы телефон нөмірі арқылы жасалатын банкаралық аударымдар үшін банктерден де, олардың клиенттерінен де комиссия алмайды.

Ұлттық банк жаңа жүйе бойынша банктердің тарифтік саясатын бақылауды жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Бұған дейін Visa, Mastercard және UnionPay халықаралық төлем жүйелерімен бірлесіп, екі жыл ішінде барлық сегмент бойынша банкаралық комиссиялар (interchange) шамамен екі есеге төмендетілген болатын.

Бірыңғай QR қолданыстағы төлем тәсілдерін алмастырмайды, керісінше оларды толықтырады. Кәсіпкерлер бұрынғыдай қолма-қол ақшаны, банк карталарын немесе банк ішіндегі QR-төлемдерді қабылдай алады немесе барлық төлем түрін бір терминалда біріктіре алады.

Алдағы уақытта осы жүйенің негізінде төлемге сұраныс жіберу, бизнес пен мемлекет арасындағы есеп айырысу, халықаралық төлемдер және басқа да жаңа сервистер іске қосылады.

Ұлттық банктің мәліметінше, 17 шілдеден бері жүйе арқылы шамамен 1 млн транзакция өңделген. Бұл жаңа сервистің қазақстандықтар арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Ұқсас материалдар