ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақылы автожолдарда сараланған төлем енгізу ұсынылды
Жалпыға ортақ пайдаланылатын республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарымен жүріп өту үшін ақы алу қағидаларын бекіту туралы бұйрыққа өзгерістер енгізу жөніндегі құжат «Ашық НҚА» порталында 26 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды. — Құжатта сараланған төлем жүйесін енгізу көзделген. Бұл шара транзиттік шетелдік пайдаланушылар тарапынан жоғары жүктемеге ұшырайтын автомобиль жолдарын күтіп-ұстау және қалпына келтіру шығындарын өтеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бастама еліміздің экономикалық мүдделерін қорғауға және халықаралық көлік қатынастарында өзара қарым-қатынас қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған. Қосымша түсімдерді жол инфрақұрылымын дамытуға және ұстауға бағыттау ұсынылады, — делінген Көлік министрлігі әзірлеген хабарламада.
Сонымен қатар, аталған норма Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге, Қазақстан Республикасының резиденттеріне, сондай-ақ ақылы жолдармен жүру шарттары үкіметаралық келісімдерде қарастырылмаған елдерге қолданылмайды.