Инвестициялық табыс қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын арттырудың негізгі көздерінің бірі болып қала береді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, 2014 жылдан бері зейнетақы активтері біріктірілген кезеңнен бастап есептелген инвестициялық табыс көлемі 14,3 трлн теңгеге жеткен.
Жүргізілген зейнетақы төлемдерін ескергенде, таза инвестициялық табыстың үлесі зейнетақы жинақтарының жалпы көлемінің шамамен 40%-ын құрайды.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің бүкіл кезеңдегі нәтижелері де ұзақ мерзімді инвестициялаудың маңызын көрсетеді. 1998 жылдан бастап 2026 жылғы 1 қазанға дейінгі жинақталған инвестициялық кірістілік 1 090,84%-ды құраса, осы кезеңдегі инфляция деңгейі 1 014,83%-ға жеткен.
Бұл көрсеткіштер зейнетақы активтерін басқару нәтижелерін ұзақ мерзімді кезеңде бағалаудың маңызын айқындайды. Зейнетақы жинақтары ондаған жыл бойы қалыптасады. Осы уақыт ішінде түсетін жарналар түрлі қаржы құралдарына инвестицияланып, одан алынған табыс салымшылардың зейнетақы капиталын арттырады әрі қайта инвестицияланады.
2026 жылы салымшылар қанша инвестициялық табыс алды?
Зейнетақы активтерінің кірістілігі қаржы нарықтарындағы жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Оған бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдары бойынша алынатын сыйақы, олардың нарықтық құнының өзгеруі және валюта бағамдарының ауытқуы әсер етеді.
Кейбір кезеңдерде активтер мен валюталарды қайта бағалау инвестициялаудың жалпы нәтижесіне кері әсер етуі мүмкін. Мұндай ауытқулар қаржы нарықтарына тән құбылыс болғандықтан, зейнетақы активтерін басқару тиімділігін ұзақ мерзімді перспективада бағалау ұсынылады.
БЖЗҚ мәліметінше, 2026 жылдың басынан 1 қазанға дейін есептелген инвестициялық табыс көлемі:
-
766,32 млрд теңге – міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары бойынша;
-
139,39 млрд теңге – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша.
Қазақстандықтар жинақтарының 100%-ын басқаруға бере алады
2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстанның Әлеуметтік кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Олар БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтарын басқару стратегияларын өз бетінше таңдау мүмкіндігін кеңейтті.
Енді азаматтар зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейінгі бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) сенімгерлік басқаруға бере алады.
2026 жылдан бастап салымшылар тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін үш инвестициялық стратегияның бірін таңдай алады.
Әрбір инвестициялық портфельді басқарушы бір таңдалған стратегия аясында жұмыс істейді. Портфельдің әр түрі үшін кірістілікті бағалауға мүмкіндік беретін құрамдастырылған бенчмарк, яғни салыстырмалы көрсеткіш белгіленген.
Инвестициялық табысты қайдан тексеруге болады?
Зейнетақы активтерін басқару және есепке алу жүйесі салымшыларға өз жинақтары мен алынған инвестициялық табыс туралы ақпаратты көруге мүмкіндік береді.
Бұл мәліметтерді БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы БЖЗҚ жеке кабинеті немесе қордың мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат қор сайтындағы «Статистика және талдау / Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде, сондай-ақ invest.enpf.kz порталы арқылы жарияланады.





