Қазақстанда азаматтар банктік қарыздар мен микрокредиттерді өз еркімен алудан бас тарта алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Стоп-кредит» қызметі қосылған кезде қаржы ұйымдары қарыз беруден бас тартуға міндетті екенін еске салды.
Алайда бұл тетік барлық несие түріне бірдей қолданылмайды. Заңнамада азаматтардың белгілі бір қажеттіліктерін қаржыландыруға мүмкіндік беретін ерекшеліктер қарастырылған.
Банк қарыздарына қатысты ерекшеліктер
«Стоп-кредит» мына жағдайларда қолданылмайды:
-
тұтынушылық қарыз сомасы тікелей тауарды, жұмысты немесе қызметті сатушының шотына аударылып, қарыз алушы оның алынғанын растаған кезде;
-
қарыз сол банктегі басқа берешекті өтеу мақсатында ішкі қайта қаржыландыру үшін берілгенде;
-
төлем картасы бойынша 150 АЕК-тен, яғни 648 750 теңгеден аспайтын жаңартылатын кредиттік лимит ұсынылғанда;
-
қаражат тек салықтарды, айыппұлдарды немесе атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті өтеуге бағытталғанда.
Микрокредиттерге де ерекшелік бар
«Стоп-кредит» қосылған кезде микроқаржы ұйымдары тауарлар мен қызметтер үшін тікелей сатушыға төлем жасауға арналған микрокредит бере алады.
Сонымен қатар сол микроқаржы ұйымындағы қолданыстағы берешекті қайта қаржыландыруға, сондай-ақ салықтар, айыппұлдар мен атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті өтеуге арналған микрокредиттерге де рұқсат етіледі.
Ал ломбардтар беретін микрокредиттерге «Стоп-кредит» тетігі қолданылмайды.
Тыйым бұзылса не болады?
Егер банк немесе микроқаржы ұйымы қолданыстағы «Стоп-кредитке» қарамастан қарыз берсе, қаржы ұйымы заңда белгіленген шараларды қабылдауға тиіс. Олардың қатарында қарыз берешегін есептен шығару, кредиттік тарихқа тиісті түзетулер енгізу және қарыз алушыдан өндірілген соманы қайтару бар.
Сонымен бірге «Стоп-кредит» басқа міндетті талаптардың күшін жоймайды. Яғни қаржы ұйымдары қарыз беру кезінде заңнамада белгіленген өзге де талаптарды сақтауға тиіс.
Азаматтар «Стоп-кредит» қызметі мен қаржылық сауаттылыққа қатысты басқа да ақпаратты Fingramota.kz платформасынан ала алады.





