Бізге жазылыңыз:

Мүліктік кіріс салығы ұсталатын мерзім ұзартылды

Мүліктік кіріс салығы ұсталатын мерзім ұзартылды
Жылжымайтын мүлікті сатып алған соң, екі жыл ішінде сатқан азаматтар мүліктік кіріс салығын төлейді. Жаңа ережені ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсаин Көптілеуұлы мәлімдеді. Бұған дейін мүліктік кіріс салығын ұстау уақыты бір жыл болатын. Енді бұл мерзім екі жылға ұзартылды. Көпшілікке түсінікті болу үшін Көптілеуұлы мысал келтірді.

– Мәселен, пәтерді 2026 жылдың 16 ақпанында 10 миллион теңгеге сатып алдыңыз делік. Ал 2028 жылдың 16 ақпанына дейін, яғни екі жыл ішінде 15 миллионға саттыңыз деп есептелік. Демек, 5 миллион теңге табыс таптыңыз. Осы үшін кірістің 10 пайызы салық ретінде ұсталады, – деді сарапшы. Сондай-ақ ол жаңа норма 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгенін атап өтті. Ал 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін жылжымайтын мүлік алсаңыз, онда бұрынғы ережеге ілігесіз: бір жыл ішінде сатсаңыз ғана, мүліктік кіріс салығы алынады.

Е. Көптілеуұлы жылжымайтын мүлікті сыйға не мұраға алған жағдайда бағалау компанияларына бағалау жұмыстарын жүргіздіруге кеңес берді. Өйткені, нарыққа сай бағалатпасаңыз, бастапқы құны 0 теңге болып есептеледі. Екі жыл ішінде, айталық, 10 миллион теңгеге сатсаңыз, 10 миллион теңге табыс тапқан болып саналасыз да, соның 10 пайызы салық ретінде шегеріледі.

– Жылжымайтын мүлікті сыйға не мұраға алғанда, құнын бағалатып, 10 миллион теңге деп белгіленді делік. Екі жыл ішінде 10 миллионға сатсаңыз, онда ешқандай кіріс жоқ. Демек, салық та алынбайды. Ал, айталық, 12 миллионға сатсаңыз, онда табыс 2 миллион теңге. Сол 2 миллион теңгеден 10 пайыз салық ұсталады. Сондықтан сыйға не мұраға алынған жылжымайтын мүлікті басында бірден бағалатып алу аса маңызды. Олай болмаған жағдайда мемлекеттік тіркеуші органдардағы бастапқы құны есепке алынады, – деп түсіндірді маман.
Дегенмен, бұл нормалар ел ішіндегі жылжымайтын мүлікке қатысты. Ал Қазақстан азаматтары шетелдерден жылжымайтын мүлік алса, онда мүліктік кіріс салығының мерзімі жоқ. Мәселен, биыл сатып алып, 10 жылдан кейін сатса да, түскен табыстан салық төлейді.

Ұқсас материалдар