Мұнай секторынан түсетін кірістердің бір бөлігі Ұлттық қорға жинақталып, кейін бюджет арқылы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. 2026 жылдың басында қор активтері 37,3 трлн теңгеге жетті.
2026 жылдың қаңтар–маусымында Ұлттық қорға мұнай секторынан 1,8 трлн теңге салық пен төлем түсті. Түсім құрылымында өзгеріс байқалды: корпоративтік табыс салығы 60,8%-ға өсіп, 798,9 млрд теңгеге жетсе, пайдалы қазбаларды өндіру салығы 47,9%-ға төмендеп, 267,2 млрд теңге болды.
Қор қаражатының бір бөлігі бюджет трансферттері арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталады. Оның есебінен мектептер, медициналық және спорт нысандары салынып, сумен жабдықтау, жол және инженерлік инфрақұрылым жаңартылады.
Мысалы, 2025 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында 226 ауылдағы 255 жобаға бюджет пен Ұлттық қордан 73 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасына 2023–2025 жылдары 1,5 трлн теңге көлемінде қаржы бағытталып, 217 жаңа мектеп салынды.
Қор қаражатының тағы бір бағыты — «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы. 2026 жылғы 1 шілдеге дейін қазақстандықтар осы бағдарлама аясында 62,7 млн доллар көлеміндегі нысаналы жинақты пайдаланып, 333,8 мың өтініш орындады. Қаражат тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім ақысын төлеуге жұмсалған.
2026 жылғы бюджетте Ұлттық қордан нысаналы трансферт қарастырылмаған. Кепілдендірілген трансферт көлемі 2,8 трлн теңге болып белгіленді. Толық талдауда қор кірістерінің динамикасы, қаражаттың өңірлерге бөлінуі және нақты жобаларға жұмсалуы туралы кеңірек мәліметтер келтірілген.





