Бізге жазылыңыз:

Квазимемлекеттік сектордың бюджетке тәуелділігі артып келеді — ЖАП

Квазимемлекеттік сектордың бюджетке тәуелділігі артып келеді — ЖАП

Квазимемлекеттік сектордың экономикадағы үлесі жоғары болғанымен, оның мемлекеттік қаржы жүйесіне тәуелділігі әлі де сақталып отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті таныстырған Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыру қарқыны баяулаған. Нарықтық ортаға негізінен коммуналдық кәсіпорындар ғана шығарылып жатыр. Кейбір жағдайларда бұл жергілікті атқарушы органдардың абаттандыру, көше тазалығы секілді күнделікті міндеттерді жедел әрі сапалы орындау мүмкіндігін шектейді.

Сонымен қатар квазимемлекеттік сектордың бюджет қаражатына тәуелділігі күшейген. 2025 жылы аталған сектор субъектілеріне 812 млрд теңге бөлінген. Оның 57%-ы мемлекеттік тапсырмалар арқылы қаржыландырылған.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, мемлекеттік тапсырма тетігі бірқатар жағдайда ведомстволық бағынысты ұйымдарды конкурстық рәсімдерден тыс қаржыландыру құралына айналып отыр. Ал бөлінген қаражат есебінен орындалуға тиіс жұмыстар мен қызметтердің едәуір бөлігі кейіннен жеке мердігерлерге беріледі.

Бұдан бөлек, квазимемлекеттік сектор субъектілері мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы тағы 1,4 трлн теңге көлемінде қаржы алған.

Жоғары аудиторлық палата жүргізген талдау бюджет қаражатын игеру барысында атқарушылық тәртіптің жеткіліксіз екенін және бөлінген қаржының тиімділігі әрдайым күткен нәтижеге жеткізе бермейтінін көрсетті. Кейбір ұйымдардың бақылау шоттарында пайдаланылмаған қаражат көлемі де айтарлықтай деңгейде қалып отыр.

Палата төрағасы Үкімет есебінде квазимемлекеттік сектор бойынша ақпарат берілгенімен, оның ұлттық экономиканың дамуына және мемлекеттік міндеттердің орындалуына нақты ықпалы толық ашылмай отырғанын атап өтті.

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру, мемлекеттік тапсырмалар тетігін жетілдіру және квазимемлекеттік сектор қызметінің нәтижелілігін бағалау мәселелеріне ерекше назар аудару қажет деп санайды.

Ұқсас материалдар