Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының әлеуметтік заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжат әлеуметтік жүйені дамытуға бағытталған және зейнетақымен қамсыздандыру, көші-қон саясаты, еңбек қатынастары, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы нормаларды жаңартады.
Заңдағы басты жаңалықтардың бірі – қазақстандықтарға өздерінің зейнетақы жинақтарын қалай инвестициялайтынын өз бетінше таңдауға мүмкіндік берілуі. Осы мақсатта Әлеуметтік кодекске зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдері туралы жаңа бап енгізілді.
Енді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары өздерінің зейнетақы жинақтарын таңдаған инвестициялық портфельді басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына беру туралы өтініш бере алады. Сонымен қатар азаматтар басқаруға берілетін жинақ көлемін және инвестициялық портфель түрін өздері анықтай алады.
Заңда инвестициялық портфельдің үш түрі қарастырылған:
-
консервативті;
-
орташа тәуекелді;
-
тәуекелі жоғары.
Мұндай портфельдерді қалыптастыру тәртібін қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістермен қатар, заң шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерге жаңа талаптар енгізеді. Енді олар қазақстандық мамандарға тәлімгерлік ұйымдастырып, шетелдік қызметкерлердің кәсіби білімі мен тәжірибесін жергілікті кадрларға беруін қамтамасыз етуге міндетті болады.
Сондай-ақ құжат қандастар мен қоныс аударушыларды өңірлік квотаға енгізу тәртібін нақтылап, мемлекеттік қолдау көрсетуден бас тарту немесе оны тоқтату негіздерін айқындайды. Бұдан бөлек, жұмысқа орналастыруға берілетін субсидияларды алу кезінде жұмыс берушілерге қойылатын талаптар күшейтіледі.
Заңның негізгі нормалары ресми жарияланған күннен бастап екі айдан кейін күшіне енеді.





