Бізге жазылыңыз:

Қазақстандағы барлық көппәтерлі үйлер бірыңғай тізілімге енгізіледі

Қазақстандағы барлық көппәтерлі үйлер бірыңғай тізілімге енгізіледі

Қазақстанда көппәтерлі тұрғын үйлерді жаппай түгендеу басталады. Жоба аясында елдегі тұрғын үй қоры туралы негізгі мәліметтер бір бірыңғай тізілімге жинақталмақ.

Тізілімде әр үйдің мекенжайы, қабат саны, пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар саны, техникалық жағдайы, лифтілердің жай-күйі, есепке алу аспаптарының болуы және инженерлік желілерге қосылуы туралы ақпарат көрсетіледі.

Түгендеу «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң талаптарын орындау, сондай-ақ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстарды жоспарлау үшін жүргізіледі. Жиналған деректер күрделі жөндеу, техникалық тексеру және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігін нақты бағалауға мүмкіндік береді.

Жоба барлық көппәтерлі үйлерді қамтиды. Олардың ішінде ауылдардағы екі және төрт пәтерлі ғимараттар, кондоминиум ретінде тіркелмеген нысандар және басқару формасы әлі анықталмаған үйлер де бар.

Әр ғимарат тізілімде мекенжайдың тіркеу кодымен (МТК) белгіленеді. Осы код арқылы үйдің техникалық сипаттамалары, басқару формасы, лифтілердің жағдайы, инженерлік желілер мен есепке алу құралдары туралы ақпарат біріктіріледі.

Бұл ретте тұрғындардың жеке деректері — ЖСН, тегі, құқық белгілейтін құжаттары және берешек туралы ақпарат — тізілімге енгізілмейді.

Жаңа жүйе ең алдымен тұрғын үй қорын жаңғыртуды жоспарлауға көмектеседі. Мәселен, лифтілерді ауыстыруды қажет ететін үйлерді нақты анықтап, инженерлік желілерді жаңарту қажеттілігін өңірлер бойынша есептеуге болады. Бұған дейін мұндай бағалаулар көбіне жинақталған немесе орташа көрсеткіштерге сүйенсе, енді шешім қабылдау нақты деректер негізінде жүргізіледі.

Мәліметтерді жинау мен жүйелеуді облыс әкімдіктері аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың тұрғын үй инспекциялары арқылы ұйымдастырады. Ақпарат беру үшін мүлік иелерінің бірлестіктеріне, тікелей бірлесіп басқарылатын үйлердің өкілдеріне, басқарушы ұйымдарға және коммуналдық қызмет көрсетушілерге тиісті нысандар мен хабарламалар жолданады.

Нәтижесінде Қазақстанның көппәтерлі тұрғын үй қоры туралы бірыңғай әрі өзекті деректер базасы қалыптасып, оны жөндеу, жаңғырту және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бойынша мемлекеттік жоспарлау кезінде пайдалану көзделіп отыр.

Ұқсас материалдар