Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда су нысандары маңындағы 18 заңсыз құрылыс сүрілді

Қазақстанда су нысандары маңындағы 18 заңсыз құрылыс сүрілді

2026 жылдың басынан бері Қазақстанда су нысандарының аумағында және су қорғау аймақтары мен белдеулерінде заңсыз құрылыс салудың 18 дерегі анықталды. Барлық жағдай бойынша әкімшілік шаралар қабылданып, сот шешімімен заңсыз нысандарды мәжбүрлеп бұзу туралы қаулы шығарылды.

Тексерулерді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің бассейндік инспекциялары жүргізді.

Әрбір анықталған дерек бойынша әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде сот 18 шешім қабылдап, жалпы сомасы 12,7 млн теңге айыппұл салды. Сонымен қатар заңсыз салынып жатқан немесе салынып қойған құрылыстарды мәжбүрлеп бұзу туралы қаулылар шығарылды.

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, бассейндік инспекциялар су заңнамасының сақталуын тұрақты түрде бақылап отырады. Бұдан бөлек, Бас прокуратурамен бірлесіп қабылданған «Судың қара нарығына» қарсы күрес жөніндегі жол картасы аясында да жұмыстар жүргізілуде.

Вице-министр былтыр қабылданған Су кодексі бассейндік инспекторлардың өкілеттіктерін кеңейтіп, су нысандарын қорғауға қатысты нақты талаптарды бекіткенін атап өтті.

Ұқсас материалдар