Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда су үнемдеу технологияларына 214,6 млрд теңге бөлінеді

Қазақстанда су үнемдеу технологияларына 214,6 млрд теңге бөлінеді

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Қазақстанда тиісті қолдау шаралары кеңейтіліп жатыр.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызметтерін субсидиялауға 13,5 млрд теңге бөлінді. Бұл шара фермерлерге айтарлықтай қаржылық шығынсыз жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелеріне көшуге мүмкіндік беріп, су үнемдеу технологияларын қолданатын шаруашылықтардың санын арттыруға бағытталған.

Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі фермерлердің су үнемдеу жүйелерін сатып алу мен орнатуға жұмсаған шығындарының өтемақысын 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтқан болатын. Ал осындай технологияларды қолданған кезде суару суына берілетін субсидия мөлшері 85%-ға дейін арттырылды.

Су үнемдеу технологияларының аумағы кеңейіп келеді

Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қолданылатын жер көлемі 702,3 мың гектарға жетті. Бұл шамамен 1,1 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік берді.

Заманауи суару жүйелерін енгізу қарқыны да жеделдеді. 2024 жылға дейін олардың жыл сайынғы енгізілу көлемі орта есеппен 30 мың гектарды құраса, 2024–2026 жылдары бұл көрсеткіш жылына 150 мың гектардан асты.

Сонымен қатар суару суын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, субсидияланатын су үнемдеу технологияларының тізіміне лазерлік тегістегіш қосылды.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, Президент өз Жолдауында су ресурстарының 60%-ына дейін тұтынылатын ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өткен.

«Министрлік жүзеге асырып жатқан кешенді шаралар осы міндетті орындауға бағытталған. 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары қолданылатын жалпы жер көлемін 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді», — деді министр.

Ұқсас материалдар