Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық майнингпен айналысатын салық төлеушілерге тиісті төлемдерді уақытылы әрі толық төлеу қажеттігін ескертті.
Комитет цифрлық майнинг үшін төлем сомасының төмендетілу фактілерін анықтау мақсатында тоқсан сайын камералдық бақылау жүргізеді. Қазіргі уақытта 2026 жылдың I тоқсаны бойынша бақылау шаралары жүзеге асырылуда.
Тексеру барысында салық есептілігінде көрсетілген мәліметтер электрондық шот-фактуралардағы ақпаратпен салыстырылады. Егер төлем көлемінің ықтимал төмендетілгенін көрсететін сәйкессіздіктер анықталса, салық төлеушілерге тиісті камералдық бақылау хабарламалары жолданады.
Осыған байланысты Комитет майнинг қызметінде пайдаланылған электр энергиясының көлемін есептілікте толық көрсетуге, төлем мөлшерлемесінің дұрыс қолданылуын тексеруге және берілген мәліметтердің дұрыстығына көз жеткізуге шақырды.
Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда салық төлеушілер оларды уақтылы жойып, тиісті салық есептілігін ұсынуы және салық міндеттемелерін белгіленген тәртіппен орындауы қажет.





