Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда 900-ден астам адам әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартты

Қазақстанда 900-ден астам адам әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартты
Қазақстанның 900-ден астам тұрғыны eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту сервисін пайдаланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, төлемдерден бас тартқандардың арасында табысы жоғары, жеке кәсібі бар және бірнеше жылжымайтын мүлік нысанына иелік ететін азаматтар бар.

Ведомство сервис пайдаланушыларының деректерін талдап, мемлекеттік қолдаудан көбіне қаржылық жағдайы тұрақты, ал әлеуметтік жәрдемақылар отбасы бюджетінде елеулі рөл атқармайтын азаматтар бас тартатынын атап өтті.

Мәселен, еліміздің батыс өңіріндегі алты адамнан тұратын, оның ішінде кәмелетке толмаған төрт баласы бар отбасы ай сайынғы ресми табысы 3,8 млн теңгеден асқан кезде жәрдемақы алудан бас тартқан. Бұл әр отбасы мүшесіне шаққанда 636 мың теңгеден астам қаражатты құрайды. Сонымен қатар отбасының меншігінде бірнеше тұрғын үй нысаны, жер учаскесі және автокөліктер бар.

Тағы бір жағдайда оңтүстік өңірдегі жалдамалы жұмыс істеп, жеке кәсіппен айналысатын отбасы да әлеуметтік төлемдерден бас тартқан. Олардың меншігінде бірнеше тұрғын үй мен жер учаскесі бар.

Орталық өңірде тұратын тағы бір отбасы да осындай шешім қабылдаған. Жеті адамнан тұратын отбасының бес мүшесі — кәмелетке толмаған балалар. Отбасының ай сайынғы ресми табысы 2,3 млн теңгеден асады. Бұған қоса, олардың жеке бизнесі, элиталық тұрғын үйі, жер учаскелері, жеңіл автокөліктері және коммерциялық көлігі бар.

Болашақта мемлекеттік қолдау алу құқығы сақталады

Еңбек министрлігінің пікірінше, әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту — материалдық жағдайы жақсы азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін көрсететін қадам. Бұл ретте шешім қабылдау әр адамның өз еркінде.

Ведомствоның мәліметінше, мұндай мүмкіндік мемлекеттік көмекті шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттауға жағдай жасайды.

Егер өмірлік жағдай өзгеріп, азаматтың материалдық ахуалы нашарласа, ол жәрдемақы тағайындау туралы қайта өтініш бере алады. Яғни төлемдерден ерікті түрде бас тарту болашақта мемлекеттік қолдау алу құқығынан айырмайды.

Сервис қалай жұмыс істейді және неден сақ болу керек?

Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту туралы өтінішті тек eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы беруге болады.

Еңбек министрлігі азаматтарды алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырады. Ведомство әлеуметтік төлемдерден бас тартуға арналған сілтемелерді SMS немесе мессенджерлер арқылы таратпайды. Сондықтан азаматтарға тек ресми цифрлық сервистерді пайдалану ұсынылады.

Ұқсас материалдар