Қазақстан өңірлерінде жемшөп дайындау науқаны жалғасып жатыр. Облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер барлық түрі бойынша 30,1 млн тонна жемшөп дайындады. Бұл жоспарланған көлемнің шамамен 73%-ын құрайды.
Негізгі үлес шөпке тиесілі — 24,1 млн тонна, яғни жоспардың 94%-ы орындалды. Сонымен қатар 2,2 млн тонна пішендеме (жоспардың 96,2%-ы), 1,1 млн тонна құнарлы жем, 837,8 мың тонна сүрлем және 1,8 млн тонна сабан дайындалды.
Қысқы кезеңде шаруашылықтарды қосымша қамтамасыз ету үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ 201,3 мың тонна астық көлемінде резерв қалыптастырды. Қажет болған жағдайда бұл қор ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жемшөп қорын толықтыру үшін бағытталады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп жемшөп дайындау барысын бақылауды жалғастырып келеді. Негізгі міндет — шаруашылықтарды жеткілікті жемшөп базасымен қамтамасыз ету және қысқы қора-жай кезеңі басталғанға дейін қажетті сақтандыру қорларын қалыптастыру.





