Бізге жазылыңыз:

Қазақстан туризміне екі жылда 2,2 трлн теңгеден астам инвестиция салынды

Қазақстан туризміне екі жылда 2,2 трлн теңгеден астам инвестиция салынды

Қазақстанда туризм саласындағы инвестициялық белсенділік пен туристік ағын артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша салаға салынған инвестиция көлемі 1,25 трлн теңгені құрап, бір жылда 32,6%-ға өсті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 947,5 млрд теңге, ал 2023 жылы 787,3 млрд теңге болған.

Осылайша, 2024–2025 жылдары туризм саласына 2,2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды.

Қазір елімізде жалпы құны шамамен 1,3 трлн теңге болатын 328 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орны құрылып, халықаралық деңгейдегі 25 қонақүй кешені ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, 11 өңірде осындай деңгейдегі тағы 24 қонақүй құрылысының жобасы пысықталуда.

Орналастыру орындарының саны 2023 жылғы 3992 нысаннан 2025 жылы 4482-ге дейін өсті. Осы кезеңде көрсетілген қызметтер көлемі 229 млрд теңгеден 350,6 млрд теңгеге дейін артты.

Шетелдік және ішкі туристер ағыны өсіп келеді

2025 жылы Қазақстанға 15,7 млн шетелдік азамат келді, оның 11,1 миллионы туристер санатына жатқызылды. Шетелдік қонақтардың елдегі шығыны $2,9 млрд болды.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға шамамен 7 млн шетелдік турист келді. Олардың басым бөлігі Өзбекстаннан – 2,5 млн, Қырғызстаннан – 1,6 млн және Ресейден – 1,5 млн адам.

Ішкі туризм де өсіп келеді. Қазақстан азаматтарының ел ішінде жасаған сапарларының саны 2023 жылғы 7,1 млн-нан 2025 жылы 8,7 млн-ға дейін артты.

Туристік инфрақұрылым дамып жатыр

2026 жылы негізгі туристік нысандарға апаратын жолдарды қоса алғанда, шамамен 11 мың шақырым автомобиль жолында жұмыстар жүргізілуде.

Әуе қатынасы да кеңейіп келеді. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа өңірлік әуежайлар салынуда, Арқалық әуежайы қалпына келтірілді, Балқашта әуе қатынасы қайта жанданды, Үржардағы терминал жаңғыртылуда. Жазғы кезеңде туристік бағыттар бойынша аптасына 45 субсидияланатын әуе рейсі орындалды.

Курорттық аймақтарды дамытудың 2026–2029 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Маңғыстау, Щучинск–Бурабай курорттық аймағы және Алматы тау кластері бойынша жеке кешенді жоспарлар жүзеге асырылуда.

Экотуризм танымал болып келеді

Ұлттық парктерге келушілер саны 2023 жылғы 2,4 млн адамнан 2025 жылы 3,7 млн адамға дейін өсті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында олардың саны тағы 1,7 млн адамды құрады.

Қазір ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 179 туристік маршрут пен 42 экосоқпақ абаттандырылған. 2026 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалар үшін мемлекеттік ұлттық табиғи парктерге кіру тегін болды.

Мемлекет салаға бірқатар қолдау шараларын көрсетіп отыр. Олардың қатарында шетелдік туристерді тартуға арналған субсидиялар, Kids Go Free бағдарламасы аясындағы балалардың әуе билеттерін субсидиялау, жол бойындағы сервис пен санитариялық нысандарды дамыту шығындарын өтеу, сондай-ақ тау шаңғысы инфрақұрылымын қолдау бар.

Ұқсас материалдар