Бізге жазылыңыз:

Қазақстан өңірлерінде жаңа мектептер мен теміржол вокзалдары ашылды

Қазақстан өңірлерінде жаңа мектептер мен теміржол вокзалдары ашылды

Абай облысында Шар, Үшбұлақ, Жарма және Жалаңашкөл теміржол вокзалдары қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді. Нысандарда жолаушылар кешендері кеңейтіліп, жаңа платформалар мен күту залдары жасақталды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кедергісіз орта қарастырылған.

Ақтөбе облысында 1905 жылы салынған Жем теміржол вокзалы қайта жөндеуден өтті. Ғимараттың аумағы 387,5 шаршы метрден 421,2 шаршы метрге дейін ұлғайып, шатыры, қасбеті, ішкі бөлмелері мен инженерлік желілері жаңартылды. Платформа мен вокзал маңы аумағы да абаттандырылды.

Білім беру саласында Ақтөбе облысында жаңа оқу жылында 7 мектеп ашылды. Оның үшеуі Ақтөбе қаласында, екеуі Темір ауданында және бір-бірден Мұғалжар мен Мәртөк аудандарында орналасқан. Өңір бойынша оқу жылын 194 мыңнан астам бала бастаса, оның 20 мыңнан астамы – бірінші сынып оқушылары.

Алматы облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 4,2 мың оқушыға арналған 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 10 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Жаңа нысандар STEM зертханаларымен, робототехника кабинеттерімен, спорт залдарымен және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған.

Түркістан облысында 9 жаңа мектеп пен қосымша ғимарат ашылды. Сонымен қатар күрделі жөндеуді қажет ететін 115 мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Ұлытау облысының Мыңқыр ауылында 80 орындық жаңа мектеп салынды. Жоба Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен, оның ішінде заңсыз иемденілген активтерді қайтарудан түскен қаражат арқылы жүзеге асырылды. Мектепте 18 оқу кабинеті, робототехника бөлмесі, спорт залы және футбол мен баскетбол алаңдары бар.

Алматы қаласында 120 және 160 орындық екі жаңа балабақша ашылды. Мектепке дейінгі ұйымдар интерактивті тақталармен, цифрлық құрылғылармен, спорт және музыка залдарымен, қазақ тілі кабинеттерімен және шығармашылық кеңістіктермен жабдықталған.

Ұқсас материалдар