Бізге жазылыңыз:

Қаржы министрлігі жекеменшік мектептердегі жалған оқушы фактілерін анықтады

Қаржы министрлігі жекеменшік мектептердегі жалған оқушы фактілерін анықтады

Қазақстанда жекеменшік мектептерді мемлекеттік қаржыландыруға жүргізілген аудит нәтижесінде 13 млрд теңгеден астам заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, Ішкі мемлекеттік аудит комитеті бұрынғы қаржыландыру кезеңдерін тексеріп, 2026 жылдың сәуірінде аяқталған аудит қорытындысы бойынша бірқатар жүйелі мәселелерді анықтаған.

Вице-министрдің сөзінше, негізгі проблемалардың бірі – мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде өңірлердің нақты қажеттілігі ескерілмеген. Соның салдарынан жекеменшік мектептердің басым бөлігі бастауыш сыныптарға бағытталып, әрбір үшінші мектеп тек 1–4 сынып оқушыларына арналған форматта ашылған.

Нәтижесінде, 2024 жылы оқушы орны жеткілікті болған жеті өңірге, оның ішінде Ақмола, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарына 1,8 млрд теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлінген.

Жаңа пилоттық тетік аясында мемлекеттік тапсырысты орналастыру құзыреті жергілікті білім басқармаларына берілді. Енді оқушы орнына қажеттілікті өңірлердің өздері айқындайды. Егер мемлекеттік мектептерде орын жеткілікті болса, әкімдіктердің жекеменшік мектептермен келісімшарт жасаспауына мүмкіндік беріледі.

Аудит барысында тағы бір маңызды заңбұзушылық – оқушылар санын жасанды түрде көбейту фактілері анықталған. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 41 мектепте 1200-ден астам оқушы артық көрсетіліп, бюджетке келтірілген залал 261 млн теңгені құраған.

Мысалы, Алматы облысындағы бір мектепте 90 оқушы негізсіз есепке енгізіліп, 29,4 млн теңге, ал Астанадағы бір білім беру ұйымында 75 оқушы артық көрсетіліп, 18 млн теңге көлемінде шығын анықталған. Сонымен қатар бір оқу жылы ішінде балалардың 12 ретке дейін мектеп ауыстыру жағдайлары тіркелген.

Вице-министрдің айтуынша, мұндай бұзушылықтардың алдын алу үшін қаржыландыру жүйесі толық цифрландырылған. e-Qazyna платформасы оқушылардың үлгерімі мен басқа да мемлекеттік дерекқорлармен біріктіріліп, оқушы контингентін нақты уақыт режимінде тексеруге мүмкіндік береді.

«Адами фактор мен қолмен мәлімет енгізу мүмкіндігі техникалық тұрғыдан толық жойылды», – деді Дәурен Темірбеков.

Ұқсас материалдар