Бізге жазылыңыз:

Алматы облысында 18,1 млрд теңгелік жылыжай кешені салынады

Алматы облысында 18,1 млрд теңгелік жылыжай кешені салынады

Алматы облысында заманауи технологияларға негізделген ірі жылыжай кешенін салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. 18,1 млрд теңгеге бағаланған инвестициялық жоба отандық жеміс-көкөніс өндірісін арттырып, ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді күшейтуге бағытталған.

Жобаны «Alatau Green Production» компаниясы іске асыруда. Кешеннің жалпы аумағы 16 гектарды құрайды. Оның 8 гектарына жоғары өнімді көкөніс будандарын өсіруге арналған өндірістік нысандар орналастырылады.

Жылыжаймен қатар өнімді ұзақ уақыт бойы сапасын жоғалтпай сақтауға арналған қоймалар мен қажетті инженерлік инфрақұрылым салынады. Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде жылына 12 мың тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімін өндіру және сақтау мүмкіндігіне ие болады.

Инвестициялық жобаның өңір экономикасына да әсері айтарлықтай болмақ. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар инвестордың бағалауынша, жоба Алматы облысының жалпы өңірлік өнімін жыл сайын 8–10 млрд теңгеге арттыруға мүмкіндік береді.

Өндірістің ұлғаюы мен сақтау инфрақұрылымының дамуы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын төмендетуге де ықпал етеді. Атап айтқанда, делдалдар санын қысқарту есебінен өнім бағасын кемінде 10%-ға төмендету көзделіп отыр.

Өңірде 49 жылыжай жұмыс істейді

Қазір Алматы облысында жалпы аумағы 87,2 гектар болатын 49 жылыжай шаруашылығы жұмыс істейді. Оның ішінде 19 нысан өнеркәсіптік жылыжайларға, тағы 19-ы шаруа қожалықтарына тиесілі.

Өткен кезеңде өңірдегі жылыжайларда 15,9 мың тонна өнім өндірілді. Оның негізгі бөлігін қызанақ пен қияр құрайды: 9,3 мың тонна қызанақ, 5,8 мың тонна қияр және 800 тонна көк шөп жиналды.

Өнімнің басым бөлігі Алматы қаласы мен облыс тұрғындарының сұранысын өтеуге бағытталады. Сонымен қатар жергілікті кәсіпорындар сыртқы нарыққа да өнім шығарып келеді. Қазіргі таңда жылыжай өнімдерінің экспорт көлемі 1 434,3 тоннаға жетті.

Жаңа кешеннің іске қосылуы өңірдегі жылыжай өндірісінің көлемін арттырып қана қоймай, көкөніс өнімдерін жыл бойы тұрақты жеткізуге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар