Аграрларға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды проактивті форматқа көшіруді тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруды жеделдетіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың бір бөлігін проактивті форматқа көшіруді тапсырды.
Үкімет отырысында Премьер-министр цифрлық технологиялар ауыл шаруашылығын өзекті деректер негізінде басқаруға және саланың өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Біз саланы бытыраңқы басқарудан ауыл шаруашылығын деректер негізінде басқаруға көшуіміз керек. Нәтижесінде мемлекет нақты уақыт режимінде не, қай жерде және қандай көлемде өндірілетінін білуі тиіс. Ал мемлекеттік қолдау нақты деректерге сүйене отырып, атаулы әрі ашық түрде көрсетілуі қажет. Бұл өнімділікті арттырудың негізіне айналуға тиіс», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне:
-
агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі процестер мен деректерді біріктіретін бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйені құру жұмыстарын жеделдету;
-
бір ай ішінде цифрлық шаруашылық бейініндегі деректерді пайдалана отырып, бірінші кезекте проактивті форматқа көшірілетін мемлекеттік қолдау шараларын нақтылау тапсырылды.
Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-на да тапсырма берілді. Компания бір ай ішінде тасымалдар туралы деректерді беруді аяқтап, Көлік министрлігімен бірлесіп цифрландыруды кезең-кезеңімен дамыту жоспарын бекітуі қажет. Бұл ретте тасымалды басқарудың отандық технологияларына міндетті түрде көшу көзделеді.





