Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Дүниежүзілік банк өкілдері Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, ауылдық елді мекендерде интернет инфрақұрылымын дамыту барысымен танысты.
Жұмыстар «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру» жобасы аясында жүргізілуде. Бастама жоғары жылдамдықты интернетті ауыл тұрғындарының үйлеріне дейін жеткізуге арналған.
Түркістан облысында жобаға 387 мыңға жуық адам тұратын 212 ауылдық елді мекен енгізілген. Бұл шамамен 68 мың үй шаруашылығын қамтиды. Қазіргі уақытта 26 ауыл бойынша конкурс жарияланып, 17 елді мекенде келісімшарттар жасалған. Сондай-ақ жобалау және іздестіру жұмыстары басталды.
2026 жылдың соңына дейін алғашқы бес ауылда құрылыс-монтаждау жұмыстарын толық аяқтап, байланыс операторларына субсидия төлеу көзделген.
Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембековтің айтуынша, Түркістан облысы жоба ауқымы бойынша елімізде алдыңғы орында тұр. Қазақстан бойынша бастамаға қосылған 1 100-ден астам ауылдың 200-ден астамы осы өңірде орналасқан. Жоба аясында оптикалық талшық әр үй шаруашылығына дейін жеткізіледі.
Оның сөзінше, ауыл тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету әсіресе білім беру платформаларына, мемлекеттік сервистер мен электрондық қызметтерге қолжетімділікті кеңейту үшін маңызды. Бұл шаралар цифрлық теңсіздікті азайтуға мүмкіндік береді.
Жалпыұлттық жоспар
Жоба шеңберінде 2026–2027 жылдары Қазақстанның 1 123 ауылдық елді мекенінде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жоспарланған.
Нәтижесінде 445 мыңнан астам үй шаруашылығы немесе шамамен 2,3 млн адам жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді деп күтілуде. Жаңа желілердің жалпы ұзындығы шамамен 3,8 мың шақырымды құрайды. Бұл жобаға енгізілген ауылдардағы үй шаруашылықтарының кемінде 80%-ын интернет инфрақұрылымымен қамтуға мүмкіндік береді.





