Құжатқа сәйкес, Шұбарағаш ауылын Жамбыл ауылына, ал Құндыздыны Новохайрузовка ауылына қосу ұсынылып отыр. Себебі — тұрғын санының азаюы және әлеуметтік инфрақұрылымның болмауы.
Жергілікті тұрғындар мұндай шешімнің күтілгенін айтады.
— Бұрын халық көп болатын, мектеп, ферма жұмыс істеді. Қазір бірнеше адам ғана қалды, негізінен олардың дені үлкендер. Күнкөріс қиындады, дүкен жоқ, қыста жолды қар басып қалады, — деді ауыл тұрғындары.
Катонқарағай ауданы әкімдігінде елді мекендер мәртебесін жою ондағы тұрғындардың жағдайын нашарлатпайтынын түсіндірді.
— Үлкен ауылдардың құрамына қосылу тұрғындарға мектеп, фельдшерлік пункт, дүкен, жол сияқты әлеуметтік нысандарды пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл — халыққа көрсетілетін қызметтерді оңтайландыруға және жақсартуға бағытталған әкімшілік шара, — деп хабарланды аудан әкімдігінен.
Ауылдарды тарату туралы мәселе тұрғындармен болатын талқылаудан кейін облыстық мәслихаттың алдағы сессиясында қаралмақ.





