Бізге жазылыңыз:

Қостанайда әлеуметтік маңызы бар 20 тауардың бағасы төмендетілді

Қостанайда әлеуметтік маңызы бар 20 тауардың бағасы төмендетілді

Қостанай облысында сауда орындарындағы баға белгілеу талаптарының сақталуына жүргізілген бақылау нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендетілді.

Тексеру барысында «А-Маркет» супермаркетінде сөредегі және кассадағы бағаның сәйкес келмейтіні анықталды. Атап айтқанда, шоколадтың сөре бағасы 445 теңге болғанымен, кассада оның құны 460 теңге көрсетілген.

Сауда нысаны әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қысқартылған тәртіппен қаралған іс нәтижесінде 140 562,5 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Жыл басынан бері ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Қостанай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 141 кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде 135 кәсіпкер белгіленген сауда үстемесін асырып жіберген, тағы 6 кәсіпкер сөрелерде баға белгілерінің болмауына байланысты жауапқа тартылған.

Қай тауарлардың бағасы төмендеді?

Мемлекеттік бақылау нәтижесінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді.

Ең айтарлықтай төмендеу пиязда байқалды — бағасы 330 теңгеден 200 теңгеге дейін, яғни 65%-ға азайды. Картоптың бағасы 235 теңгеден 170 теңгеге (38,2%), «Рава» қияры 1900 теңгеден 1380 теңгеге (37,7%), тауық еті 1241 теңгеден 921 теңгеге (34,7%) дейін төмендеді.

Сонымен қатар қызанақтың бағасы 23,8%-ға, айран 23,7%-ға, рожки 21,6%-ға, қарақұмық 19,4%-ға, қырыққабат 17,9%-ға, сәбіз 16,7%-ға арзандады.

Бірінші сұрыпты ұнның бағасы 14,6%-ға, жұмыртқа 8,3%-ға, қант 8,2%-ға, шай 6,7%-ға, күнбағыс майы 3%-ға төмендеді.

Департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына заңда белгіленген сауда үстемесінің шекті мөлшерінен асып кетуге жол бермеу бойынша бақылауды жалғастыратынын хабарлады.

Ұқсас материалдар