Қазақстан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Hanwha Life компаниясының елдің қаржы нарығындағы қатысуын кеңейту перспективаларын талқылады. Кездесуді Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова Кореяның қаржы компаниясы өкілдерімен өткізді.
Кореялық делегацияны Hanwha Life басқарушы директоры әрі Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы өкілдік басшысы Канг Бумду басқарды.
Кездесу барысында Қазақстанның қаржы нарығына шығу және қатысуды кеңейту мүмкіндіктерімен қатар, қаржылық технологиялар мен цифрлық қаржы құралдары саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық бағыттары қаралды.
Hanwha Life өкілдері цифрлық қаржылық шешімдерді әзірлеу, қаржы құралдарын токендеу және заманауи цифрлық сервистерді енгізу тәжірибесімен бөлісті.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, шетелдік қаржы ұйымдарын тарту бәсекелестікті күшейтіп, жаңа технологияларды енгізуге және халық пен бизнеске көрсетілетін қаржылық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Hanwha Life — 1952 жылы құрылған Hanwha Group қаржы-өнеркәсіптік тобының құрамындағы ірі кореялық қаржы компанияларының бірі. Топ қаржыдан бөлек, қорғаныс және аэроғарыш, энергетика, кеме жасау, технология және сервистік салаларда жұмыс істейді.
Сонымен қатар ҚНРДА басшысы Presight AI компаниясының бас директоры Томас Прамотедхам бастаған делегациямен кездесті. Кездесуде қаржы құралдарын токендеу, цифрлық қаржы активтерін пайдалану және қаржы секторына заманауи технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Агенттік цифрлық инновацияларды дамыту үшін тиімді реттеу ортасын қалыптастыру, операциялардың ашықтығын қамтамасыз ету және қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру маңызды екенін атап өтті.





