Бізге жазылыңыз:

Үкімет Президент Жолдауын іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді

Үкімет Президент Жолдауын іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген стратегиялық міндеттерді орындау үшін Үкімет пен әкімдіктер барлық қолда бар ресурстарды тиімді жұмылдыруы қажет екенін айтты.

Үкімет басшысының пікірінше, Мемлекет басшысы жариялаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы елдің инфрақұрылымын жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

«Президент Жолдауы біздің алдымызға тарихи мәні зор міндет қойып отыр. Ол – өскелең ұрпақтың игілігі үшін қуатты әрі озық экономикасы бар жаңа тұрпатты мемлекет құрып, аманат ету», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарды, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды салу және жаңғырту жұмыстарын үйлестіру қажеттігін атап өтті.

Инфляцияны тежеу және бюджет шығыстарын бақылау

Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық банкпен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, 20 қарашаға дейін салық-бюджет және ақша-кредит саясатын үйлестіру шараларын әзірлеуі керек.

Әкімдіктерге азық-түлік бағасына апта сайын мониторинг жүргізу, ал Сауда және интеграция министрлігіне сауда үстемелерін бақылауды күшейту тапсырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, қысқы кезеңге арналған азық-түлік қорын қалыптастыру, тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандыру және өнімді тікелей жеткізуді ұлғайту қажет.

Бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін Қаржы, Ұлттық экономика, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктері бюджет процесінің барлық кезеңінде цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіні қолдануды кеңейтеді. Қаржы министрлігіне қазынашылық ақпараттық жүйесін құру және мемлекеттік кірістер мен шығыстарды басқару жүйелерін интеграциялау міндеті жүктелді.

Бизнесті қолдау және инвестиция тарту

Ұлттық экономика министрлігі жыл соңына дейін орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлеуі тиіс. Құжатта қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту, технологиялық жаңғырту, еңбек өнімділігін арттыру және ірі компаниялармен кооперацияны дамыту шаралары қамтылады.

Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП, бизнес-омбудсмен және депутаттармен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске тексерулер жүргізуге үш жылдық мораторий енгізу жөнінде екі апта ішінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына шағын және орта бизнестің қатысуын кеңейту мәселесі де бір апта ішінде пысықталуы керек.

Инвестициялық саясат аясында Ұлттық экономика және Сыртқы істер министрліктеріне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, инвестициялық процестерді басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру жөнінде он күн ішінде ұсыныстар енгізу міндеттелді.

Бұдан бөлек, бір ай мерзімде әлеуетті инвесторлар, жобаларды іске асыру мерзімдері, жергілікті қамту үлесі және күтілетін экономикалық әсері көрсетілген терең өңдеу жобаларының тізбесін әзірлеу қажет.

Салық саясаты және мемлекеттік басқару

Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексіне енгізілетін түзетулер пакетін пысықтап, мемлекеттік органдармен келісуі керек. Қаржы министрлігімен бірлесіп, бір ай ішінде халықаралық тәжірибені зерделеу және ауқатты азаматтарға салық салу жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Қаржы министрлігіне жасанды интеллектіні қолдана отырып, салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру арқылы көлеңкелі экономиканы қысқарту міндеті жүктелді.

Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай ішінде мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспарын әзірлеуі тиіс.

Әділет министрлігіне жаңа Азаматтық кодекстің жобасын әзірлеуге дереу кірісу тапсырылды.

Цифрландыру және жасанды интеллект

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі он күн ішінде экономиканы цифрландыруды кеңейту жөніндегі ұсыныстарды және цифрлық жұмыспен қамтудың құқықтық режимін іске асыру тетіктерін ұсынуы керек.

Ауыл шаруашылығы саласында жасанды интеллектіні қолданудың басым бағыттарын бір ай ішінде анықтау көзделген. Атап айтқанда, технологиялар өнімділікті болжауға, егістіктерді бақылауға, шығындарды оңтайландыруға және ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталмақ.

Көлік министрлігі жыл соңына дейін көлік дәліздерін жедел цифрландыру жоспарын бекітуі тиіс. Құжат ақпараттық жүйелерді интеграциялауды және қағаз құжат айналымын қысқартуды қамтиды.

Алатау қаласын дамыту

Ведомствоаралық жұмыс тобына 30 қарашаға дейін «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға түзетулер бойынша келісілген ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Ұсыныстарда соттардың мәртебесі, құзыреті мен құрылу тәртібі, сондай-ақ юрисдикция мен соттылықтың аражігін ажырату мәселелері қарастырылуы керек.

Жалпыұлттық жоспар 3 қарашада ұсынылады

Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасын әзірлеп, 2026 жылғы 3 қарашада Үкімет отырысына енгізуі тиіс.

Олжас Бектенов мемлекеттік органдар жұмысы стратегиялық міндеттерді орындауға бағытталып, барлық салада цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажеттігін атап өтті.

«Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жұмысымыздың басты мақсаты – азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру және еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз ету», — деді Премьер-министр.

Ұқсас материалдар