Қазақстанның Қаржы министрлігі салықтық жеңілдіктердің цифрлық тізілімін енгізіп жатыр. Жаңа жүйе бизнеске берілетін мемлекеттік қолдаудың ашықтығын арттырып, оның экономикаға нақты әсерін бағалауға мүмкіндік береді.
Салықтық жеңілдік іс жүзінде бюджетке түспеген кірісті білдіреді: мемлекет бизнестің жекелеген санаттарына салық жүктемесін азайтып, оның орнына белгілі бір экономикалық нәтиже күтеді. Жаңа тізілім осындай қолдау шаралары, олардың бюджет үшін құны және нақты нәтижелері туралы ақпаратты бір жүйеге жинақтауға мүмкіндік береді.
Әрбір жеңілдік бойынша оның мақсаты, алушылар тобы, қолданылу мерзімі және күтілетін әсері бақыланатын болады. Сонымен қатар салалық мемлекеттік органдар жаңа салықтық жеңілдіктерді енгізу қажеттілігін цифрлық форматта негіздеуге тиіс.
Жеңілдіктердің тиімділігін бірнеше көрсеткіш бойынша бағалау жоспарланып отыр. Олардың қатарында жеңілдік көлеміне қатысты төленген салықтар мөлшері, жұмыс орындарын құру және сақтау, өндіріс пен экспорттың өсуі, инвестициялар көлемінің көрсетілген қолдау мөлшеріне арақатынасы, сондай-ақ технологиялық даму бар.
Осылайша, салықтық жеңілдіктерге деген көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді: енді қолдауды кімге беру мәселесімен қатар, оның экономикаға қандай нәтиже әкелгені де маңызды болады.
Егер белгіленген көрсеткіштер орындалса, жеңілдік экономикалық тұрғыдан негізделген деп танылады. Ал инвестициялар, өндіріс немесе жұмыспен қамту бойынша күтілген нәтиже байқалмаса, оның тиімділігі қайта қаралуы мүмкін.
Тізілім 70-тен астам мемлекеттік, фискалдық және басқа да ақпараттық жүйемен интеграцияланады. Деректер автоматты түрде алмасатындықтан, бизнеске қосымша есептілік жүктемесі айтарлықтай артпауы тиіс.
Жалпы, жаңа жүйе мемлекетке салықтық жеңілдіктердің толық әсерін бағалауға мүмкіндік береді: бюджетке түспеген қаражат көлемінен бастап, құрылған жұмыс орындарына, жаңа өндірістерге және қосымша экспортқа дейін.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі.





