Қазақстанда автомобиль жолдары саласын реформалау бойынша шаралар әзірленуде. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жұмыс тобының отырысында жол құрылысының сапасы, көлік қозғалысын бақылау және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелері қаралды.
«ҚазАвтоЖол» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев атқарылып жатқан жұмыстардың аралық нәтижелері туралы баяндады. Сондай-ақ жол құрылысына қажетті материалдармен қамтамасыз ету, салмақтық-габариттік бақылауды жетілдіру, техникалық қадағалауды күшейту және жол битумының сапасын арттыру жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтіледі
Нұрлыбек Нәлібаев шешімдер әзірлеу кезінде жол салу, жөндеу және пайдалану тәжірибесі бар мамандардың пікірін ескеру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, техникалық мәселелер инженерлердің, технологтердің және салалық сарапшылардың тікелей қатысуымен қаралуы тиіс.
Бұдан бөлек, рұқсат етілген жүктеме нормаларын асыратын ауыр жүк көліктерінің қозғалысына жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Мұндай көліктер жол жамылғысының мерзімінен бұрын бұзылуына әкеліп, жөндеу шығындарын арттырады.
Сондай-ақ отырыста «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» қабылданатын шешімдер мен жүргізілген тексерулердің нәтижелері үшін жауапкершілігін күшейту қажеттігі айтылды.
Жиынға Жетісу облысы, Павлодар және Түркістан облыстары әкімдерінің орынбасарлары да қатысып, саланы реформалау бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.
Жол жұмыстарының тиімділігі артады
Отырыс қорытындысы бойынша Нұрлыбек Нәлібаев Көлік министрлігіне «ҚазАвтоЖол» АҚ-мен, облыс әкімдіктерімен және мүдделі тараптармен бірлесіп, нақты шаралар әзірлеуді тапсырды.
Негізгі міндеттер қатарында автомобиль жолдарының сапасы мен қызмет ету мерзімін арттыру, құрылыс және жөндеу жұмыстарының құнын төмендету, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауды күшейту бар.
Қабылданатын шаралар жол құрылысын тиімді ұйымдастыруға және жол жамылғысының мерзімінен бұрын тозуына байланысты шығындарды азайтуға бағытталған.





