Қазақстанда жасанды интеллект бойынша алғашқы 32 маманды даярлау басталды
Бағдарлама екі жылға есептелген және қатысушылар үшін тегін. Осы уақыт ішінде олар түрлі салаларда AI шешімдерін әзірлеу мен енгізуге қажетті машиналық оқытудың заманауи әдістерін меңгереді.
Алғашқы лекке үлкен тілдік модельдерді әзірлеу, машиналық оқытуды медицинада қолдану және қазақ тіліне арналған жасанды интеллект технологияларын жасау тәжірибесі бар мамандар қабылданды. Олардың қатарында компьютерлік томография суреттерін талдау, тозаңды тану, грамматикалық қателерді түзету және қазақ тіліндегі сөйлеуді тану технологияларымен айналысқан әзірлеушілер бар.
Сондай-ақ қатысушылар арасында кредиттік тәуекелдерді бағалау, сұранысты болжау және қаржылық деректерді талдау үшін машиналық оқыту модельдерін қолданған мамандар бар.
ML School Kazakhstan бағдарламасын Yandex Qazaqstan, Astana Hub және Alem.ai Foundation бірлесіп әзірледі. Оқу бағдарламасы Яндекстің Деректерді талдау мектебінің академиялық тәсілдеріне негізделген және теориялық дайындықты практикалық тапсырмалармен ұштастырады.
Студенттер математика, статистика, алгоритмдер, машиналық оқыту, нейрондық желілер, компьютерлік көру, генеративті жасанды интеллект және табиғи тілді өңдеу бағыттарын оқиды. Дәрістер мен семинарларды Yandex сарапшылары, техникалық жоғары оқу орындарының оқытушылары және AI саласындағы зерттеушілер өткізеді.
Практикалық бөлім аясында қатысушылар Қазақстанның жетекші технологиялық компанияларының, соның ішінде Yandex Qazaqstan-ның машиналық оқыту мамандарымен кездеседі. Олар нақты ML жүйелерінің архитектурасын зерттеп, техникалық шешімдерді талдайды және қолданбалы әрі зерттеу міндеттерімен жұмыс істейді.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, білікті мамандар даярлау экономиканы технологиялық тұрғыдан жаңғыртудың маңызды шарттарының бірі. Оның атап өтуінше, жасанды интеллект өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, медицина және мемлекеттік басқару салаларында жаңа мүмкіндіктер ашады.
Екі жылдық оқу аяқталған соң түлектерге ML School Kazakhstan сертификаты беріледі. Сонымен қатар оларға Яндекстің Деректерді талдау мектебінің жекелеген курстарынан өту мүмкіндігі ұсынылады.
Сабақтар Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында аптасына екі-үш рет, үш сағаттан өткізіледі.
Ұйымдастырушылар бағдарламаға жыл сайын қабылдау өткізуді жоспарлап отыр. Жоба машиналық оқыту негізінде өз бетінше AI өнімдерін әзірлеп, экономиканың негізгі салаларына технологиялық шешімдерді енгізе алатын инженерлер мен зерттеушілер қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған.





