Қазақстанда маркетплейстер төлейтін салық көлемі төрт жылда 10 есеге жуық өсті
Қазақстанда электрондық сауда нарығы қарқынды дамып келеді. Маркетплейстер онлайн сауданың өсуіне ықпал етіп қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына және мемлекеттік бюджет кірістерінің қалыптасуына да үлес қосып отыр.
Ranking.kz деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда кеңінен қолданылатын тоғыз маркетплейс бюджетке жалпы 356 млрд теңге салық төлеген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 11,5%-ға көп. Ал 2021 жылмен салыстырғанда салық төлемдерінің көлемі 9,6 есе өскен. Осылайша, төрт жыл ішінде көрсеткіш 10 есеге жуық артты.
Зерттеу барысында Қазақстанда жұмыс істейтін отандық және шетелдік платформалар қамтылған. Іріктеуге бір алаңда көптеген сатушыны біріктіріп, тұтынушыларға тауарлар мен қызметтердің кең таңдауын ұсынатын классикалық маркетплейстер енгізілген.
Kaspi.kz салық төлемдері бойынша көш бастады
2025 жылы маркетплейстер арасында салық төлемдерінің ең үлкен көлемі Kaspi.kz компаниялар тобына тиесілі болды. Есепке «Kaspi Дүкен» ЖШС, «Kaspi Travel» ЖШС, «Колёса» АҚ және «Magnum E-commerce Kazakhstan» ЖШС енгізілген.
Аталған компаниялар бюджетке 138 млрд теңгеден астам салық аударды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,5%-ға көп. Ал 2021 жылмен салыстырғанда олардың салық төлемдері шамамен сегіз есе артқан.
Осы көрсеткіш бойынша Kaspi.kz Қазақстандағы ірі салық төлеушілердің қатарына кіреді. Компания тау-кен өндіру саласын есепке алмағанда, елдің сауда секторындағы компаниялар арасында да жетекші орын алады.
Екінші орында ресейлік Wildberries маркетплейсінің Қазақстандағы өкілдігі — «ИМВБКЗ» ЖШС тұр. 2025 жылы компания бюджетке шамамен 58 млрд теңге салық төлеген.
Үшінші орынға Ozon маркетплейсінің Қазақстандағы өкілдігі — «ОЗОН Маркетплейс Қазақстан» ЖШС жайғасты. Оның салық төлемдері шамамен 15 млрд теңгені құрады.
Үздік бестікке сондай-ақ 3 млрд теңгеден астам салық төлеген OLX және 1,4 млрд теңге аударған Forte Market кірді.
Нарықтағы салық түсімдері ірі ойыншыларға шоғырланған
Зерттеуге Flip.kz, Teez, Halyk Market және Satu.kz платформалары да енгізілген. Алайда осы төрт маркетплейстің жиынтық салық төлемдері қарастырылған компаниялардың жалпы көлемінің 1%-ына да жетпейді.
Жалпы, салық статистикасы Қазақстандағы маркетплейстердің экономикалық рөлі онлайн сауданы дамытумен шектелмейтінін көрсетеді. Ірі платформалар бюджет кірістеріне елеулі үлес қосып, кәсіпкерлерге тауарларын өткізуге және тұтынушыларға кеңірек нарыққа шығуға мүмкіндік беріп отыр.
Дереккөз: Ranking.kz.





