Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда әлеуметтік көмек көрсету тәртібі өзгереді

Қазақстанда әлеуметтік көмек көрсету тәртібі өзгереді

Әлеуметтік көмек табыс деңгейіне қарай көрсетіледі

Қазақстан үкіметі әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібін өзгертуді жоспарлап отыр. Табысы жоғары азаматтарға берілетін жәрдемақыларды тоқтату 2027 жылы шамамен 700 млрд теңге, ал үш жыл ішінде 2,5 трлн теңгеге жуық қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, бұл бастама табысы әртүрлі отбасыларға бірдей көлемде мемлекеттік көмек көрсетілуіне байланысты қалыптасқан теңсіздікті жоюға бағытталған. Үнемделген қаражатты үкімет басқа да басым мемлекеттік міндеттерге жұмсауды жоспарлап отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «А» және «В» санаттарына жататын ауқатты отбасыларды анықтау өлшемдерін нақтылады. Өзгерістер шамамен 1,38 млн үй шаруашылығына әсер етуі мүмкін. Бұл жәрдемақы алушылардың жалпы санының 21%-ын құрайды.

Аталған санатқа жан басына шаққандағы айлық табысы 305 мың теңгеден асатын, орта немесе ірі бизнесі, бірнеше жылжымайтын мүлкі не премиум санатындағы автокөліктері бар азаматтар кіреді.

Сонымен қатар жаңа талаптар зейнет жасындағы көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар адамдарға және жетім балаларға қолданылмайды. Қалған азаматтардың 52%-ы орта тапқа, ал 24%-ы экономикалық тұрғыдан осал топтарға жатқызылған.

Бала күтіміне берілетін жәрдемақы кімдерге тоқтатылады?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап «А» және «В» санатындағы ауқатты отбасыларда тұратын жұмыс істемейтін аналар бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне арналған жәрдемақыдан айырылады. Бұдан былай мұндай төлемдер отбасының материалдық жағдайы ескеріліп тағайындалады.

Қазіргі уақытта ауқатты санаттарға жататын 30 мыңнан астам жұмыс істемейтін әйел бала күтімі бойынша жәрдемақы алады.

Ресми түрде жұмыс істейтін аналар үшін төлем тәртібі өзгермейді. Олар отбасының жалпы табысына қарамастан, бұрынғы жалақысының 40%-ы мөлшерінде декреттік төлем алуды жалғастырады.

Бұдан бөлек, 2027 жылдан бастап декреттік төлем алу құқығы тек аналарға беріледі. Әкелер бала күтіміне байланысты демалысқа шыға алады, алайда оларға декреттік төлем төленбейді.

200-ден астам қазақстандық жәрдемақыдан өз еркімен бас тартты

200-ден астам ауқатты азамат мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға мұқтаж емес екенін растап, eGov Mobile қосымшасындағы жаңа сервис арқылы төлемдерден өз еркімен бас тартқан.

Үкімет халықтың материалдық жағдайының жақсарып келе жатқанын да атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылы және 2026 жылдың басынан бері 944 мыңнан астам мұқтаж отбасының табысы өсіп, олар әл-ауқаты жоғары санаттарға өткен.

eGov-та отбасының әл-ауқатын бағалау калькуляторы іске қосылады

eGov платформасында азаматтарға өздерінің материалдық жағдайын бағалауға мүмкіндік беретін анонимді калькулятор іске қосылады. Ол активтер мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтитын екі өлшемді модель негізінде жұмыс істеп, 59 көрсеткішті ескереді.

Келесі аптадан бастап пайдаланушыларға жәрдемақылардан онлайн бас тарту сервисі мен отбасылардың цифрлық паспорттары да қолжетімді болады. Жаңа құралдар азаматтарға өз жағдайын бағалап, әлеуметтік көмек тағайындау талаптарын түсінуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: Vlast.kz.

Ұқсас материалдар