Қазақстан зейнетақы жүйелерінің әлемдік рейтингінде үздік 30 елдің қатарына енді
Биылғы зерттеуге 55 мемлекеттің зейнетақы жүйесі енгізілген. Бұл елдерде әлем халқының шамамен 66%-ы тұрады. Салыстыру үшін, 2025 жылы рейтингке 52 мемлекет қатысқан.
Зейнетақы жүйелері қалай бағаланады?
MCGPI индексін Mercer институты CFA Institute ұйымымен бірлесіп әзірлеген. Ол зейнетақы жүйелерінің қаржылық тұрақтылығын ғана емес, төлемдердің жеткіліктілігін және азаматтардың мүдделерін қорғау деңгейін де бағалайды.
Әдістеме 50-ден астам көрсеткішті қамтиды. Олар үш негізгі субиндекске біріктірілген:
-
Жеткіліктілік — мемлекеттік зейнетақының мөлшері, жоғалтқан жалақының өтелу деңгейі, зейнетақы жинақтарына берілетін салықтық жеңілдіктер, қаражатты пайдалану шарттары және зейнеткерлердің өмір сүру деңгейіне әсер ететін басқа да факторлар.
-
Тұрақтылық — зейнетақы жарналарымен қамтылған халықтың үлесі, жинақталған активтердің ЖІӨ-ге қатынасы, мемлекеттік қарыз, экономикалық өсім және демографиялық ахуал.
-
Тұтастық — реттеу мен қадағалау сапасы, жинақтарды алаяқтықтан және қорлардың банкроттығынан қорғау, есептіліктің ашықтығы және қаражатты басқару комиссияларының мөлшері.
Қорытынды баға 100 балдық шкала бойынша есептеледі. Рейтингті әзірлеу кезінде сарапшылар ЭЫДҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық еңбек ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдар мен зерттеу орталықтарының статистикалық деректерін пайдаланады.
Қазақстан қандай баға алды?
Қазақстанның жиынтық көрсеткіші 64,8 балды құрап, ел рейтингте 29-орынға тұрақтады.
Жекелеген бағыттар бойынша Қазақстан мынадай бағаларға ие болды:
-
зейнетақы жүйесінің жеткіліктілігі — 44,9 балл;
-
тұрақтылығы — 74,4 балл (бір жыл бұрын 74,2 балл);
-
тұтастығы — 83 балл (2025 жылы 81,4 балл).
Осылайша, сарапшылар реттеу сапасы мен зейнетақы жинақтарын қорғау деңгейін жоғары бағалаған. Ал жеткіліктілік көрсеткіші қалған екі субиндекспен салыстырғанда едәуір төмен болды.
Жалпы индекс бойынша Қазақстан Испания (63,3 балл), АҚШ (61,6), Малайзия (61,1), Қытай (60,6), Жапония (58), Италия (57,4), Австрия (56,9) және Оңтүстік Кореядан (56,4) жоғары нәтиже көрсетті.
2026 жылғы зерттеуге ТМД-ның басқа елдері енгізілмеген.
Рейтинг көшбасшылары
Бірінші орынды 85,8 балл жинаған Нидерланд иеленді. Оның зейнетақы жүйесі төлемдердің жеткіліктілігі мен қаржылық тұрақтылықтың үйлесімі үшін ең жоғары бағаларға ие болды.
Екінші орынға 84,1 баллмен Дания, үшінші орынға 84 баллмен Исландия жайғасты.
Үздік ондыққа сондай-ақ Сингапур (82), Израиль (81,9), Австралия (80,6), Чили (79,2), Швеция (78,8), Финляндия (77,6) және Норвегия (77) енді.
Рейтингтің төменгі бөлігінде Аргентина (43,7 балл), Түркия (46,6), Үндістан (46,8), Филиппин (49,2), Оңтүстік Африка Республикасы (50,4), Индонезия (50,7) және Таиланд (52,2) орналасты.
Зерттеу нәтижелері Қазақстанның зейнетақы жүйесі тұрақтылық пен тұтастық көрсеткіштері бойынша салыстырмалы түрде мықты екенін көрсетеді. Сонымен бірге жеткіліктілік бағасының төмен болуы зейнетақы төлемдерінің мөлшері мен азаматтардың зейнетке шыққаннан кейінгі табысын арттыру мәселелерінің өзектілігін аңғартады.





