Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен АҚШ аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастықты күшейтпек

Қазақстан мен АҚШ аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастықты күшейтпек

Қазақстан сирек және сирек жер металдары секторына америкалық инвесторларды тартуға мүдделі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Астанада өткен C5+1 форматындағы Аса маңызды минералдар жөніндегі диалог барысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, аса маңызды минералдар жаһандық технологиялық трансформацияның негізгі элементіне айналып, әлемдік өнеркәсіптің жаңа құрылымын қалыптастырып жатыр. Осыған байланысты Қазақстан бұл бағытты өнеркәсіптік саясаттың басым салаларының бірі ретінде қарастырады.

Бүгінде еліміздің минералдық-шикізат базасында 9,5 мыңнан астам кен орны бар. Оның ішінде 100-ден астам кен орнында сирек және сирек жер металдарының қоры шоғырланған.

– Біз америкалық компанияларды осы кен орындарын геологиялық барлау мен игеру жобаларына белсенді қатысуға шақырамыз, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Министрдің сөзінше, соңғы жылдары Қазақстан жер қойнауын пайдалану саласын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бағытында бірқатар реформаларды жүзеге асырды. 2018 жылы қабылданған Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс Австралия мен Канада тәжірибесі негізінде әзірленіп, лицензиялау рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар 2023 жылы Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы іске қосылып, лицензиялаудан бастап есептілікке дейінгі барлық негізгі рәсімдер онлайн форматқа көшірілді. Ал 2024 жылдан бастап Қазақстан минералдық ресурстарды бағалаудың халықаралық CRIRSCO стандарттарын толық көлемде қолдана бастады.

Ведомство мәліметінше, қабылданған шаралар инвесторлардың қызығушылығын арттырған. 2018 жылдан бері геологиялық барлауға тартылған инвестициялар көлемі үш есеге өсіп, 1 млрд АҚШ долларынан асты. Қазақстан нарығына Rio Tinto, Barrick Gold, First Quantum Minerals, Ivanhoe Mines, Teck Resources, Fortescue және Cove Capital сияқты әлемдік ірі компаниялар келді.

Ерсайын Нағаспаев Қазақстанның тек шикізат экспорттаумен шектелмейтінін атап өтті. Ел бірлескен өндірістерді дамытуға, технологиялар трансферіне, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және жоғары білікті инженерлік кадрлар даярлауға басымдық беріп отыр.

Осыған байланысты Қазақстан америкалық серіктестерге аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу жобаларын бірлесіп жүзеге асыруды, жоғары технологиялық өндірістер құруды, ғылыми-инженерлік орталықтар ашуды және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуді ұсынды.

Министрдің айтуынша, стратегиялық шикізатқа деген әлемдік сұраныстың артуы және жеткізу тізбектерін әртараптандыру қажеттілігі жағдайында Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың маңызы күшейе түсуде. Бұл бағыттағы әріптестік жаңа инвестициялар тартуға, өндірісті тереңдетуге және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар