Қазақстан электрондық үкіметті дамыту бойынша әлемнің үздік 20 елінің қатарына енді
Сонымен қатар Қазақстан алғаш рет электрондық үкіметі ең жоғары деңгейде дамыған 21 мемлекетті біріктіретін VH рейтингілік санатына енді. Бұл топта Оңтүстік Корея, Дания, Сингапур, Эстония, Ұлыбритания және АҚШ та бар.
Қазақстанның индексі 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өсті. Салыстыру үшін, әлемдік орташа көрсеткіш — 0,6675. Рейтинг қорытындысы бойынша Қазақстан Германия, Швеция және Жапониядан озып, ТМД мен Орталық Азия елдері арасындағы көшбасшылық орнын сақтап қалды.
БҰҰ Қазақстанның телекоммуникациялық инфрақұрылымын дамыту, онлайн мемлекеттік қызметтерді кеңейту және халықтың цифрлық дағдыларын арттыру бағытындағы жетістіктерін атап өтті. Баяндамада интеграцияланған мемлекеттік цифрлық сервистердің мысалы ретінде eGov.kz және eGov Mobile платформалары да көрсетілген.
UN EGDI рейтингі БҰҰ тарапынан екі жылда бір рет жарияланады. Оны есептеу кезінде үш негізгі бағыт ескеріледі: онлайн мемлекеттік қызметтердің сапасы, телекоммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі және адами капитал.





