Бізге жазылыңыз:

Қазақстан Австрия нарығындағы экспорттық әлеуетті $637,5 млн деп бағалап отыр

Қазақстан Австрия нарығындағы экспорттық әлеуетті $637,5 млн деп бағалап отыр

Бұл туралы Астанада Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбилдабековтің Қазақстан–Австрия парламенттік достық тобының төрағасы Маркус Хофер бастаған Австрия делегациясымен кездесуінде айтылды.

Кездесуде тараптар қолда бар сауда мүмкіндіктерін нақты экспорттық жеткізілімдерге, инвестициялық жобаларға және бірлескен өндірістерге айналдыру мәселелерін талқылады.

Қазақстан экспорты 2,4 есеге өсті

Екі ел арасындағы сауда көрсеткіштері әзірге қолда бар мүмкіндіктердің толық көлемін көрсетпейді. 2026 жылғы қаңтар–шілде айларында Қазақстан мен Австрия арасындағы тауар айналымы 159,9 млн долларды құрады.

Осы кезеңде Қазақстанның Австрияға экспорты 2,4 есеге өсіп, 7,64 млн долларға жетті.

Экспортты одан әрі арттыру үшін негізгі басымдық қосылған құны жоғары өнімдерге беріліп отыр. Атап айтқанда, металлургия өнімдерінің қосымша экспорттық әлеуеті 326,6 млн доллар, мұнай-химия өнімдері бойынша 139,6 млн доллар, ал тамақ өнеркәсібі өнімдері бойынша шамамен 97 млн доллар деп бағаланып отыр.

«Біз үшін сауда көлемін жай ғана арттыру емес, қазақстандық өнімдердің Еуропа нарығындағы үлесін кеңейту маңызды. Бүгінде бұл бағытта жұмыс істей алатын нақты тауарлар мен компанияларды көріп отырмыз», – деді Айдар Әбилдабеков.

Австрия қазақстандық өнімдерге қызығушылық танытып отыр

Маркус Хофердің айтуынша, Австрия тарапы Қазақстаннан өсімдік майын сатып алуға қызығушылық білдіруде.

Сонымен қатар Австрия үшін астық өнімдерін өндіру және өңдеу, жасанды интеллект саласындағы жобалар және басқа да перспективалы бағыттар қызығушылық тудырады.

Тараптар қазақстандық тауарлардың Австрия нарығына шығуын кеңейту, сондай-ақ екі ел бизнесі арасындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

Транскаспий бағытының әлеуеті талқыланды

Кездесуде көлік-логистикалық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Австрия теміржол және Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын ұлғайтуға мүдделі.

Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу мүмкіндігін арттыру, логистикалық инфрақұрылымды дамыту және тасымалдардың тиімділігін жақсарту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті.

АӨК пен өңдеу өнеркәсібіндегі жобалар

Қазақстан Австрияға астық пен ұн, ет және құс еті, балық, бал, зығыр тұқымы және органикалық өнімдер экспортын ұлғайтуға дайын.

Бұдан бөлек, тараптар металлургиялық және минералдық шикізатты терең өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады.

Қазақстан мен Австрия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі келіссөздер алдағы уақытта Венада өтетін Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің отырыстарында жалғасады.

Ұқсас материалдар