Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктік қарыздар мен микрокредиттерді мерзімінен бұрын өтеу кезінде азаматтардың құқықтарын тағы бір мәрте еске салды.
Қарыз алушы кредитті толық жауып немесе белгіленген төлем кестесінен артық қаражат енгізу арқылы берешегін мерзімінен бұрын қысқарта алады. Ішінара өтеу кезінде әдетте екі нұсқа ұсынылады: ай сайынғы төлем көлемін сақтай отырып кредит мерзімін қысқарту немесе шарттың мерзімін өзгертпей ай сайынғы төлемді азайту.
Сонымен бірге әр банк пен микроқаржы ұйымы заң талаптарына сәйкес өздерінің ішкі рәсімдерін қолданады. Олар өтініш беру тәртібін, қаражатты есептен шығару күндерін және қайта есептеу мерзімдерін белгілей алады. Сондықтан төлем жасамас бұрын кредитордан барлық шарттарды нақтылап алған жөн.
Әсіресе ипотекалық қарыз кезінде сақтандыру сыйлықақысын қайтару мүмкіндігін, кепілдегі мүліктен ауыртпалықты алу тәртібін және берешекті қайта есептеу механизмін алдын ала білу ұсынылады.
Агенттік 2025 жылғы 31 тамыздан бастап күшіне енген заңнамалық өзгерістерге сәйкес жеке тұлғалар кез келген уақытта кредитін толық немесе ішінара ешқандай айыппұлсыз өтей алатынын еске салды. Бұл талап өзгерістер күшіне енгенге дейін рәсімделген қарыз шарттарына да қолданылады. Ал мерзімінен бұрын өтеуге байланысты айыппұлдар мен өзге санкциялар тек заңды тұлғаларға қатысты қолданылуы мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша, мерзімінен бұрын өтеу жалпы сыйақы көлемін азайтып, оң кредиттік тарих қалыптастыруға көмектеседі. Дегенмен мұндай шешім қабылдар алдында жеке қаржылық жағдайды жан-жақты бағалау маңызды.





