Бізге жазылыңыз:

Капитал нарығын дамыту: бизнес пен инвесторлар үшін не өзгереді

Капитал нарығын дамыту: бизнес пен инвесторлар үшін не өзгереді

2026–2030 жылдарға арналған бағдарлама жобасы компаниялардың қор нарығына шығуын жеңілдетіп, инвестициялық құралдарды көбейтуге және нарық өтімділігін арттыруға бағытталған.

Қазақстанда капитал нарығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленді. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық банк, нарық қатысушылары мен сарапшылардың бірлескен жұмысы нәтижесінде дайындалған. Бағдарлама 7 бағыт бойынша 35 бастаманы қамтиды.

Негізгі өзгерістердің бірі — шағын және орта бизнестің акциялар нарығына шығуын жеңілдету. Осы мақсатта листинг демеушілері институтын енгізу ұсынылып отыр. Олар компанияны IPO-ға дайындауға, инвестициялық банктер, аудиторлар мен заң консультанттарының жұмысын үйлестіруге және листингтен кейін эмитентті сүйемелдеуге қатысады.

Компаниялардың жергілікті IPO өткізуге қызығушылығын арттыру үшін оған байланысты шығындарды салықтық шегерімге жатқызу мүмкіндігі қарастырылады. Сонымен қатар биржадағы еркін айналымдағы акциялардың белгіленген үлесін қамтамасыз ететін жария компанияларға корпоративтік табыс салығы бойынша уақытша жеңілдіктер беру ұсынылуда.

Қазақстандық инвесторлардың шетелдік орналастыруларға қатысуы да икемді болмақ. Эмитенттерге KASE немесе AIX арқылы шетелдік ұсыныстарға ұқсас шарттармен жергілікті инвесторларға бағалы қағаздарды ұсыну міндетін енгізу жоспарланған. Жергілікті транш көлемі инвесторлар тарапынан қалыптасатын сұранысқа қарай белгіленеді.

Квазимемлекеттік компаниялардың IPO және SPO өткізу кезінде бөлшек инвесторларға арналған міндетті жергілікті траншты сақтау ұсынылады. Халық тарапынан сұраныс жоғары болса, мұндай үлесті ұлғайтуға мүмкіндік беріледі.

Бағдарламада бизнестің жаңа құқықтық нысанын — жария емес акционерлік қоғамды енгізу мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл модель компанияларға корпоративтік басқару мен капитал құрылымына қатысты икемдірек талаптармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Компания көлемі мен акционерлер саны белгіленген шекке жеткенге дейін директорлар кеңесін құру міндеті болмауы мүмкін.

Инвесторлар үшін ұжымдық инвестициялар нарығын кеңейту көзделген. Жаңа заңнамалық негіз ақша нарығы, облигациялық және индекстік қорлармен қатар салалық, тақырыптық және жылжымайтын мүлік қорларын дамытуға жағдай жасауы тиіс.

Инвестициялық өнімдерді салыстыруды жеңілдету үшін олардың негізгі сипаттамаларын көрсететін бірыңғай ақпараттық стандарт енгізу ұсынылады. Инвестор өнімді сатып алар алдында оның стратегиясы, тәуекелі, тарихи кірістілігі, өтімділігі мен комиссиялары туралы қысқаша стандартталған ақпарат алады.

Қайталама нарықтың өтімділігін арттыру мақсатында бағалы қағаздарды орталықтандырылған қарызға беру тетігін құру жоспарлануда. Ұзақ мерзімді инвесторлар өздеріндегі бағалы қағаздарды уақытша беріп, қосымша табыс таба алады. Ал қарыз алушылар бұл құралдарды жабық қысқа сатылымдар, хеджирлеу және төрелік операцияларда пайдалана алады.

Маркет-мейкерлер үшін де тәуекелдер мен нарықтағы рөліне сәйкес жеке реттеу режимін енгізу қарастырылған. Олардың тиімділігі спред көлемі, өтінімдердің тереңдігі және нарыққа ұсынатын өтімділік сияқты нақты көрсеткіштер арқылы бағаланады.

Сонымен бірге орта бизнеске қатысты тәуелсіз талдамалық қамтуды дамыту көзделіп отыр. Бірыңғай корпоративтік деректер базасын қалыптастыру аналитикалық материалдарды автоматтандырылған түрде дайындауға мүмкіндік береді.

Бағдарлама секьюритилендіру нарығын, цифрлық қаржы активтерін, орнықты және исламдық қаржыландыру құралдарын дамыту шараларын да қамтиды. Цифрлық активтер сегментінде инвесторларды қорғау талаптарын нақтылау жоспарланса, орнықты қаржыландыруда ұлттық жіктеу жүйесі мен ESG-ақпаратты ашу талаптары жетілдіріледі.

Мемлекеттік исламдық бағалы қағаздарды шығару үшін де құқықтық негіз қалыптастыру ұсынылып отыр. Бұл корпоративтік исламдық қаржы құралдары үшін кірістілік бағдарын жасауға мүмкіндік береді.

Бағдарлама 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Күтілетін нәтиже — бизнес үшін капитал тарту мүмкіндіктерін кеңейту, инвесторларға қолжетімді құралдар санын арттыру және Қазақстанның қор нарығының өтімділігі мен тартымдылығын күшейту.

Ұқсас материалдар