Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі өндіру секторынан озды

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі өндіру секторынан озды

Қазақстанда шикізатты терең өңдеуге басымдық беретін экономикалық модель күшейіп келеді. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 18,8 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 9%-ға өсті.

Өңдеу өнеркәсібінің жалпы өндірістегі үлесі 46,7%-ға дейін артты. Ал тау-кен өндіру секторына 45,8% тиесілі болды. Ең жоғары өсім Ақтөбе және Қарағанды облыстарында тіркелді — тиісінше 10,7% және 10,6%.

Негізгі драйверлердің бірі — машина жасау саласы. Жеті айда саладағы өндіріс көлемі 22%-ға өсіп, 3,2 трлн теңгеге жетті. Қазақстанда 96 мыңнан астам автомобиль шығарылды. Оның ішінде жеңіл көлік өндірісі 37,2%-ға, автобустар 27,6%-ға, арнайы техника 45,1%-ға артты.

Басқа салаларда да өндіріс көлемі ұлғайып келеді. Металлургияда өндіріс көлемі 8,1 трлн теңгені, химия өнеркәсібінде шамамен 1 трлн теңгені құрады. Ал жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс 80,1%-ға өсіп, 125,5 млрд теңгеге жетті.

Отандық кәсіпорындарды қолдау үшін мемлекет офтейк-келісімшарттар жүйесін кеңейтіп жатыр. Бірінші жартыжылдықта жер қойнауын пайдаланушылар мен квазимемлекеттік сектор жалпы сомасы 466 млрд теңгені құрайтын ұзақ мерзімді келісімдер жасасты. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қоры арқылы қазақстандық өндірушілерден алынған тауарлар көлемі 2,1 трлн теңгеден асты.

Өндірушілерге қатысты цифрлық бақылау да күшейтілуде. Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінде 6 946 кәсіпорынның мәртебесі расталды, ал 1,1 мыңнан астам жалған жеткізуші тізімнен шығарылды.

2026 жылдың соңына дейін жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 индустриялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 337,4 млрд теңгеге бағаланған 84 өндіріс іске қосылып, 6 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.

Осылайша, Қазақстанның өнеркәсіптік саясаты дайын өнім шығаруға, ішкі өндірістік кооперацияны дамытуға және ел ішінде қосылған құнды арттыруға бағытталып келеді.

Дереккөз: Primeminister.kz

Ұқсас материалдар