Бізге жазылыңыз:

Ғылыми жобаларға бөлінген 945 млн теңге жымқырылған

Ғылыми жобаларға бөлінген 945 млн теңге жымқырылған

Грант қаражаты қалай жұмсалған?

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Bal halal» ЖШС директорына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Іс «Ғылым қоры» АҚ-ның ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бөлген қаражатын жымқыру дерегіне байланысты қозғалған.

2023–2024 жылдары «Bal halal» ЖШС төрт жобаны жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 1,15 млрд теңге қаржы алған. Жобалар өсімдік шикізатынан инновациялық макарон өнімдерін өндіруді және микронутриенттермен байытылған ұн шығаруды көздеген.

Бөлінген қаражатқа қажетті жабдықтарды сатып алу, өндірістік орынжайларды дайындау, шикізат пен қосалқы бөлшектерді алу, жабдықтарды орнату, жөндеу жұмыстарын жүргізу және дайын өнім өндірісін іске қосу жоспарланған.

Алайда тергеу барысында сатып алынған жабдықтардың жобаларда қарастырылған өнімдерді өндіруге жарамсыз екені анықталған.

Қаражатты шығару схемасы

Тергеу мәліметінше, қаражатты заңсыз шығару үшін күдіктімен байланысы бар адамдардың атына тіркелген «SMART 15» ЖШС пайдаланылған. Жабдық сатып алу және түрлі қызметтерге ақы төлеу деген желеумен осы компанияның банк шоттарына 736,4 млн теңге аударылған.

Схемаға «Фабрика рекламы Шымкент», «Jana tan» ЖШС, «Sisters Brand KZ» жеке кәсіпкерлігі және басқа да кәсіпкерлік субъектілері тартылған.

Сонымен қатар жобалардың орындалуын бақылау іс жүзінде жүргізілмеген. Мониторинг актілері өндіріс орындарына бармай және атқарылған жұмыстарды тексермей рәсімделген. Құжаттарды «Bal halal» ЖШС қызметкерлері дайындап, мониторинг топтарының мүшелері қол қойған. Нәтижесінде мемлекеттік қаражаттың жұмсалуы тиісті деңгейде бақыланып отырғандай көрініс қалыптастырылған.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражаттың 88,5 млн теңгесін заңдастыру мақсатында «Bal halal» ЖШС-нің банк шоттарына қолма-қол енгізген. Бұл соманы жобаларды бірлесіп қаржыландыруға қосқан жеке қаражаты ретінде көрсеткен.

830 млн теңгенің мүлкіне тыйым салынды

Аталған әрекеттер салдарынан мемлекетке келтірілген жалпы шығын 945 млн теңгені құраған.

Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен жалпы құны 830 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде бес жер учаскесі, төрт автокөлік, Астанадағы пәтер, коммерциялық нысан және зергерлік бұйымдар бар.

Қылмыстық іс бойынша өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Ұқсас материалдар